Шымкенттік имамдарды аттестациядан өткізу басталды

657

Имамдар аттестациясы басталды. 5 жылда бір рет өткізілетін сараптауға 280 дін қызметкері ниет білдіріп отыр. Айта өтейік, өңірімізде дін жолында қызмет етіп жүргендердің 60 пайызы жоғары білімді. Біліктіліктерін дәлелдей ала ма, жоқ па оны уақыт көрсетеді.

 

Аттестация тапсыруға келген имамдарға еліміздің бас мүфтиі Серікбай қажы Ораз сәттілік тіледі. Білім көкжиегін анықтайтын шараға тек имамдар ғана емес, ұстаз, азаншылар да қатысуда. Басты мақсат та сол — дін қызметкерлерінің діни білімі мен білігін арттыру болып табылады.

Серікбай қажы Ораз, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти: “Негізгі қойылатын талаптар — өзінің діни білімі аясында шариғат Ислам негіздерінен және иман негіздерін қалыптастыратын біздің өзіміздің діни мектебіміз Ханафи Мазхабының діни таным түсінігінің аясында және ең бастысы мемлекеттік заңымызды білу, Ата заңымыз Конституцияны білуі болып табылады. Діни бірлестіктер, олардың құқықтары мен қызметтерін айқындайтын заңнамалар аясындағы сұрақтарға жауап береді. Әр азаматқа 60 сұрақ беріледі. 1 сағат уақыт бөлінеді.

Бұл жолғы шараның ерекшелігі компьютерлік бағдарламада арнайы әзірленген тест сұрақтарының шектеулі уақыт аралығында жауап беруге шақтап жасалынған. Тестілеу ақида, шариғат үкімдері және заңдарға негізделген. Ал Құран аяттары, Ислам тарихы және тұғырнама бойынша ауызша өтеді.

Бекайдар Әміре, қалалық мешіттің наиб имамы: “Имамдардың білімін жетілдіру мәселесінде орынды жақсы іс шара болды, мүфти хазіреті тапсырмасымен іс шара атқарылып жатыр. Бүкіл имамдарда ізденіс, талпыныс пайда болды. Алдағы уақытта жылына бір мәрте өткізіліп тұрса еш артықшылығы жоқ. Керісінше имамдарға көп пайдасы бар. Имамдарды емтиханнан құлату, жұмыстан босату емес, тек қана ынталандыру, талаптандыру, білімін қайта жетілдіру — сол мақсатта өткізілуде.

Арнайы дайындалған тест түріндегі сұрақтар білімі мықты имамдарға аса қиын емес дейді мамандар. Айта өтейік, Түркістан облысы бойынша 722 мешіт бар. Алла үйіндегі 818 дін қызметкері дәл осы сұрыптаудан өткізіледі деп күтілуде. Ал аттестациядан өте алмай қалғандар бір айдан кейін тағы да тапсыруға мүмкіндігі бар. Одан сүрінсе, қайтадан білім жетілдіру курстарына жіберілетін болады.

Гүлжан Көшерова