Еліміздің ең сұлу полиция қызметкері шымкенттік болуы мүмкін. Жерлесіміз, Гүлжан Нұржанова республикалық «Полиция аруы — 2018» фотобайқауына қатысып, бүгінде бақталастарынан көш ілгері келеді. Қаламыздың намысын қорғайтын бойжеткеннің құқық қорғау саласындағы жауапты жұмысымен арнайы таныстық.
«Полиция аруы -2018» байқауының финалисті Гүлжан Нұржанова – қазір 27 жаста. Оның заң қызметінде жүргеніне биыл 4 жыл. Бүгінде ол Еңбекші аудандық учаскелік инспекторы қызметін атқарады. Ауданға қарасты 2 бірдей мектептің ішкі және сыртқы заң бұзушылықтарына жауап береді. Айтуынша, ол кез — келген тәртіп бұзушылықты назардан тыс қалдырмайды.
Гүлжан Нұржанова: «Түнгі рейдке де шығамыз. Біз бір жерге бекітілгеннен кейін бір ғана мектептің мәселесін шешпейміз. Түрлі бұзақылықтарды қадағалаймыз. Мысалы, дәл бүгін таңғы сағат 7:40-та қызметімді атқарып тұрған жерде жаяу жүргіншілер жүретін жерден бір колледж оқушысы темекісін тастады. Ол әкімшілік құқықбұзушылыққа жатады. Ол кісі 18-ге толмағандықтан оның түсініктемесі 434 бап бойынша ата-анасына жазылды».
Шымкенттің ең сұлу полицейі белсенді өмір сүреді. Спорттан да құр алақан емес. Гандболға қатысып, волейболдан спорт шебері атағын да алыпты. Тіпті шабыты келгенде өлең жазып, шығармашылықпен де айналысатын көрінеді. Өз ісіне тиянақты маман, сырт бейнесіне де мән береді. Содан болса керек, қалалық құқық қорғау органдары Гүлжанды байқауға қатысуға лайық көріпті.
Гүлжан Нұржанова: «Салтанат Қаракөзова полковник ханым мені лайық деп таныпты. Менен басқа да бірнеше қыздар болған, олардың бәрін жинап ұсыныс жасады. Бірақ бір ғана адам барады деп айтты. Енді бұйырып жатса, бұл байқауда жеңіп жатсақ, ҚР ішкі істер министрлігінің қолынан алғыс хат аламыз».
Бұл конкурста Нұржанованың қызметтестерінің жақсы мінездеме беруі де маңызды. Әріптестерінің сөзіне сенсек, жинақы, ісіне мұқият әрі жауапты маман.
Қазақстанда ең әдемі полицейі атағына әр өңірден, жалпы есеппен 11 қыз таласады. Жерлесімізге қолдау көрсеткіңіз келсе, mediaovd.kz парақшасына жазылып, онлайн дауыс беруге қатысыңыз! Дауыс беру 2019 жылдың 28 ақпанында сағат 12: 00-ге дейін жалғасады.
Айя Мүтәлі