Түркістан облысы полицейлері Созақ ауданында қарға оралған трассадан қарға тоңып отырған жүк көлігінің жүргізушілеріне көмек көрсетті. Осылайша, ағымдағы жылдың 18 ақпанында түнгі уақытта Созақ ауданы полиция бөлімінің кезекшілік бөліміне, боранға тап болып көмек сұраған жүргізушілерден хабарлама келіп түседі. Кезекші бірден рация арқылы жүргізушінің мекен-жайын айтып, полицейлерді жәрдем беруге жөнелтеді.

Оқиға орнына Созақ АПБ ЖПҚ-нің учаскелік инспекторы, полицияның аға лейтенанты Марат Тукушев аттанды. 20 минуттан соң Жарты-төбе елді мекенінің полицейі жолда қарға бөгеліп қалған жүк көлігін байқайды. Белгілі болғандай, жүргізушілер боранның әсері мен мұзтайғақтан өз күштерімен шыға алмай жолда қалып қойған. Учаскелік инспектор жүргізушілерге көмек көрсетіп, жақын маңдағы жылыту пунктерінің біріне жеткізіп, содан кейін қар құрсауынан жүк көлікті шығарады.

Құтқарылған жүргізушілер, Түркістан облысының тұрғындары Айдос Асанбай мен Жанболат Курабай полиция аға лейтенанты Марат Тукушевке және Созақ АПБ-нің қызметкерлеріне қиыншылыққа тап болған сәттерінде дер кезінде көмек көрсеткені үшін алғыстарын жаудырып, жолдарын қайта жалғастырды.

Созақ АПБ-нің басшылығы полицияның аға лейтенанты учаскелік полицей Марат Тукушевке бораннан адамдарды құтқару кезінде батырлық пен кәсібилігін танытқаны үшін алғыс айтты.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері төтенше жағдайларға аяқ астынан тап болып, байланыстан тыс қалып қоймас үшін күн райының өзгеріп кететініне баса мән беріп, сондай –ақ төтенше жағдайға тап болған сәтте уақыт өткізбей бірден полицияны көмекке шақыруға кеңес береді.

ТО ПД-нің баспасөз қызметі