фото Sputniknews.kz.

Тойда атысқандар ісі сотқа өтті. Қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқан үш жігіттің екеуі туған бауырлар. Ағалы-інілерге қасақана кісі өлтіруге оқталу, бұзақылық, заңсыз қару алып жүру, билік өкіліне күш қолдану баптары бойынша айып тағылуда.

Шымкент қалалық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соттың судьясы Әбинұр Қарабаев сотталушылардың екеуінің жасы кәмелетке толмағандықтан сот жабық режимде өтетіндігін мәлімдеді. Еске салайық, өткен жылдың 15 қараша күні Шымкентте үйлену тойы үстінде жас жігіттер арасында жанжал туындаған.

Нәтижесінде қарсы тараптың бірі травматикалық қарудан оқ атқан. Тағы біреуі пышақ жарақатын алған. Оқиға орнына тәртіп сақшылары шақыртылады. Қару кезеніп кикілжіңді күшейткендер «Мазда» көлігіне отырып қаша жөнеледі. Бірақ патрульді полиция көлігімен бетпе бет келіп, тәртіп сақшыларына қарсылық білдіреді. Күдіктілер құрықталды. Жәбірленушілер дер кезінде ауруханаға жеткізіліп, ем домын алған.

Жанар Есенбекова