Түркістан облысы бойынша медициналық сақтандыру қорының филиалы 2019 жылдың қаңтар айында мемлекеттік тапсырысты алу туралы 73 медицина ұйымымен келісімшарт бекітті. Оның 39-ы – мемлекеттік мекемелер, ал жеке меншік клиникалар саны -34.
Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы директорының міндетін атқарушы Нұршат Айтымбетова тілшілердің қатысуымен өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.
«Медициналық көмек көрсететін жеткізуші-ұйымдармен бекітілген келісімшарттың жалпы сомасы 71 550 млрд. теңгені құрады (оның ішінде, мемлекеттік емханалармен – 66 229 млрд. теңгенің, жеке меншік клиникалармен – 5 321 млрд. теңгенің келісімшарты бекітілді)», — деп түсіндірді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы директорының міндетін атқарушы Нұршат Айтымбетова.
Жеке меншік медицина ұйымдары стационарды алмастыратын көмек түрлерін көрсетуге белсенді түрде атсалысып жатыр. Сонымен қатар, стационарлық көмек, емханалық-амбулаторлық көмек, ауылдық жерлердегі емханалық-амбулаторлық көмек, консультативтік-диагностикалық көмек, жоғары технологиялық қызметтер көрсету бағытында да жеке меншік саланың үлесі басым. Сонымен қатар, Түркістан облысында 2019 жылы 126 жалпы практика дәрігерінің учаскесін ашу жоспарлануда. Бұл бір дәрігердің жүктемесін 1700 адамға дейін азайтуға мүмкіндік береді.
«Қазіргі таңда жеке меншік клиникалар көрсететін медициналық көмек түрлері де көбейді. Мәселен, биылғы жылы олар онкологиялық көмек, жедел медициналық көмек, паллиативті көмек, оңалту және қалпына келтіруге бағытталған көмек түрлерін көрсетуде ерекше белсенділік танытып отыр», — деді Нұршат Реймбайқызы.