Сұм-сұрапыл жылдары қазақ отбасын паналаған өзге ұлт өкілдері алғыс айтып жүр.
Бүгін арнайы «Ықылас күні» деп белгілеп, қазақ жеріне қоныс аударған этнос өкілдерінің ұрпақтары игі шараны бастап кетті. Бір үзім нанды бөліп, шаңырағынан орын бөлген қазақ халқына алғыстарын жаудырды. «Қайтпас» шағынауданындағы Жәнібековтер отбасына армян, неміс, түрік, ұйғыр этномәдени орталықтарының өкілдері арнайы келіп, алғыстарын білдірді.
Түрік халқының өкілі: «Әкем айтушы еді, қазақ отбасының қоржын тамының бір бөлмесінде тұрдық деп…»
Бүгінгі аға буын өкілдері сол сұрапыл жылдарда орын алған қиын кезеңді жиі еске алады. Ол қасіретті ұмыту мүмкін емесдейді олар. Кеңес дәуірінде тоталитарлық жүйе миллиондаған азаматтардың тағдырын тәлкек етті. Сол жылдары ұлттық мүддені қорғаған зиялыларды, қарапайым еңбек адамдарын жазықсыз қудаласа, кейіннен бұл саясат шекаралық аймақтағы тұтастай халықтарды туған жерінен айырып, басқа аймаққа күшпен жер аудартты.
Өлмескен Жәнібекұлы, «Қайтпас» шағынауданының тұрғыны: «Өзге ұлт өкілдерін Қызыл сайдағы станцияға жеткізді. Ол кезде әкем майданда. Әжем бастап үйге алып келді. Қоржын тамында үш бөлме болатын соның бірінде Камановтар отбасы тұрды… Бір отбасында 12 адам болса, екіншісінде 6 адам болатын. Бірі тарысын, бірі жүгерісін алып келіп, ауыл болып қол ұшын созды».
Тәлім әжесінің әңгімесінен сол 1944 жылы «Таскен», «Қызылсай» стансаларына тоқтаған поездардан аш жалаңаш адамдарға Сталин, Крупская, Советская, «Қайтпас -2», «Қайтпас» ауылдарындағы отбасылары қолдау көрсеткенін ақсақал ұмытқан емес. Бүгін міне сол ұлт өкілдерінің ұрпақтары кезінде көмек қолын созған отбасыларына ризашылықтарын білдіріп жатқаны игі бастама.
Иосиф Бахман, неміс этно-мәдени орталығының төрағасы: «КСРО Жоғарғы Кеңесінің шешімімен 1941 жылы Волга жағалауындағы Неміс Республикасы таратылып, халқы Сібір, Орал, Қазақстанға көшірілді. Отбасымыз Оралға қоныстанды. Әкем еңбек армиясында, кейін соғыс аяқталғаннан кейін 1956 жылға дейін «арнайы қоныс аударғандар» статусында болды. Мекен жайын өз еркімен ауыстыруға құқықтары болмады. Әкемнің ағасы Қазақстанға көшірілді. Біз 1962 жылы Шымкентке көшіп келдік. Ол кезде мен 10 жаста болатынмын. 112 орамда бізді қарпайым қазақ отбасы қарсы алды. Шарбақтың арғы бетінде тұрған әйел «балаларың көп екен, міне, алыңдар» деп бізге таба нан мен бауырсақ, шыны ыдыста ағарған берді. Мұндайды қалай ұмытасың? Тұрмысы нашар болса да барымен бөлісті. Біз қазақ халқының жасаған жақсылығын ұмытпаймыз. Балаларымызға, немере шөберелерімізге дейін айтып жүреміз».
Дайра: «Армян халқы атынан сіздің отбасыңызға, бүкіл қазақ халқына алғысымыз шексіз. Бөлмей, туысындай көріп, ақ дастарханын жайған. Бейбіт өмірде ұзақ сүруге Алла нәсіп етсін».
Елде абыройлы болған Тәлім әжесінің немересі Өлмескен ата бүгінде елге сыйлы азамат. Қиын қыстау кезеңде туған жерінен күштеп қоныс аударған өзге ұлт өкілдеріне пана болған ата-апаларын ұрпақтары мақтан тұтады.
Шынар Оразова