«7-20-25» бағдарламасымен пәтер алуға қызығатындардың дені – мұғалімдер. Жас ұстаздар тарапынан да қызығушылық көп. Әйткенмен, көбінің айлық табысы жетпей, шет қалып жатыр. Осы жағдай №59 жалпы орта мектепте қалалық «Нұр Отан» партиясы Қаратау аудандық филиалының ұйымдастырумен өткен жиында да айтылды. Ұстаздар қауымы тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының қызметкерлерімен, аталған бағдарлама аясында баспананы несиеге рәсімдейтін банк менеджерлерімен кездесті. Біраз сұраққа жауап алды.
287 ӨТІНІШТІҢ 130-ы ҒАНА ҚАНАҒАТТАНДЫРЫЛДЫ
Шымкентте «7-20-25″ бағдарламасы 2018 жылдың шілде айынан жүзеге асырыла бастады. Алайда бағдарламаға қатысушылар тым аз. Қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының несие және жекешелендіру бөлімінің басшысы Гүлнара Аширбаеваның айтуынша, бүгінге дейін аталған бағдарлама аясында баспаналы болуға 278 азамат өтініш білдірген. Соның 130-ның өтініші қанағаттандырылған.
– Аталған бағдарламаға кез келген азамат қатыса алады. «Соңғы 5 жылдан бері атыңда мүлік болмауы керек. Тұрғылықты мекенжайың 3 жыл болуы керек» деген талап жоқ, мұнда,- дейді бөлім басшысы.
Ең бастысы:
— ҚР азаматы болу керек;
— Ипотекалық қарыз болмауы керек;
— Сол күнге иелігінде мүлік болмауы керек;
— Төлем қабілеттілігің болуы керек.
Бұл бағдарламаның тағы бір артықшылығы мұнда еш жерге құжат тапсырудың керегі жоқ. Еліміздің кез келген қаласынан өзіңізге ұнаған жаңадан салынған тұрғын үйді таңдап, сол үйдің құрылысын жүргізіп жатқан компанияның кеңсесінен пәтердің құнын білесіз. Сосын банкке барып, төлем қабілетін тексертесіз. Қалада бұл бағдарлама бойынша 8 банк қызмет көрсетеді. Олар: «Халық банкі», «RBK банкі», «Eurasia банкі», «Forte bank», «Цеснабанк», «АТФ банк», «Банк центр кредит», «Сбербанк».
Ескеретін жайт бағдарлама ережесіне сәйкес, үйдің құны 25 млн теңгеден аспауы керек. Одан арзандары құпталады. Шымкентте осы бағдарлама бойынша сатылып жатқан үйлердің 1 шаршы метрі — 195000-240000 теңге. Ал жергілікті атқарушы органдарында кезекте тұрып, ТҚЖБ-нің салымшылары үшін баспананың 1 ш/м – 140 000 теңге.
– Банк сіздің төлем қабілетіңізді растаса, компанияның кеңсесінен сол үйдің техникалық куәлігінің көшірмесін алып қайта банкке барасыз. Сөйтіп, пәтерді өз атыңызға несиеге рәсімдейсіз. Дәл осындай жолмен 2018 жылы 97 адам баспаналы болыпты. Былтыр баспаналы болғандардың көбісі өз үйлерін «Банк центр кредит» банкінен рәсімдеген көрінеді.
«ҚАРА ТІЗІМДЕГІЛЕР» ҚАТЫСА АЛАДЫ МА?
Мұғалімдердің көбісін осы сауал мазалайды. Оған да себеп жоқ емес. Бірінің — ақшалай, екіншісінің — тауарлай алған несиелері бар. Бірде төлеген, бірде кешіктірген. Арасында мүлдем төлемей ісі сотқа өткендер де жоқ емес. Жиынға қатысқан «Халық банкі», «Eurasia банкі», «Forte bank» менеджері бағдарламаға қатысушылардың аздығын кредиттік тарихтың «жақсы» болмауымен байланыстырды. Және бағдарламаға ипотекасы барлардың да қатыса алмайтынын жеткізді.
«Forte bank»-тің өкілі Ерлан Молдабековтың айтуынша олардың банкі соғы 5 жылғы несие тарихын тексереді. «Eurasia банкі»-нің менеджері Анар Раисова «біздің банк те соңғы 5 жылдық несие тарихын қарастырады» деді. «Халық банкінің» менеджері Дәулет Қосанның айтуынша олардың өзге банктерден артықшылығы соңғы 2 жылдық несие тарихын қарайтынында. Алайда мамандар біз ауыздан несиенің кешіктіру уақыты 90 күннен асқан жағдайда «одобрение» алуға кері септігін тигізетінін айтты. Мұндайда көп жағдайда банк несиені беруден бас тартады. Себебі, банк азаматтың «қарызын» уақытылы төлеп тұратынына күдікпен қарайды.
Өмір болған соң түрлі жағдай орын алады. Қарабайыр несиені төлей алмағандай, бұл «ипотекалық» несиені төлей алмаған жағдайда банк пәтерді алып қоя ма? Алдын ала төлеген 20 пайыз бен белгілі бір уақыт бойы төлеп отырған қаржымыз не болмақ?
Жиналғандар банк өкілдеріне осылай деп төтесінен сұрақ қойды. Бірақ, банк қызметкерлері оған мардымды жауап бере алмады. «Бұл жағдаймен борышкерлермен жұмыс істейтін бөлім айналысады» деп қысқа қайырды.
МҰРАГЕРЛІК ҮЛЕСІ БАРЛАР ШЕ?
Жиналғандардың арасында осындай сауал қойғандар да болды. Мамандар, мұрагерлік үлестің бағдарламаға қатысуға кедергі келтірмейтінін жеткізді. Және де ерлі зайыптылардың бірінің атында жер телімі болған жағдайда, оның үстінде құрылыс жұмыстары жүргізілмесе, бағдарламаға қатысуға болады деді.
21- 68 ЖАСТАҒЫЛАР ҚАТЫСА АЛАДЫ
Сондай-ақ, мамандар тек несие тарихына ғана емес, соңғы 6 айдағы зейнетақы жарналарының үздіксіз аударылып тұрғанына да мән береміз деді.
Ұстаздардың арасында зейнет жасына таяғандар да, жастар да көп. Сондықтан да олардың жас ерекшелігіне шектеу қойылады ма деген сауалы орынды.
Әр банкін өзінің ережесі бар. Мәселен жиынға қатысқан 3 банктің өкілі бағдарламаға 21 жастан бастап, зейнет жасы 63 жасқа дейінгі әйелдер, 68 жасқа дейінгі ер азаматтар қатыса алады деді. Яғни, несиенің аяқталу мерзімінде ер азаматтар 68-ден, әйелдер — 63 жастан аспауы керек. Мәселен, егер сіз несиені 25 жылға рәсімдейтін болсаңыз ер азаматтың қазіргі жасы 42-де, әйел 38-де болуы керек. 10 жылға рәсімдесеңіз ер азаматтар 58-де, әйелдер 52 жаста болуы керек.
ЖАЛАҚЫ МӨЛШЕРІ ДЕ МАҢЫЗДЫ
Банк менеджерлерінің келтірген мысалдарынан «7-20-25» бағдарламасы қатысушыларының көбісінің жалақысы 100 мың теңгеден жоғары екені белгілі болды. Бұл бағдарлама аясында үйлі болу үшін кемінде 90-120 мың теңге жалақыңыз болуы керек деген сөз.
– Күні кеше бір мұғалімнің атына несие рәсімдедік. Айлағы 110 мың теңге екен. Оның таңдаған пәтері 1 бөлмелі. Құны 8,2 млн.теңге. Алғашқы 1,6 млн теңге жарнасын құйды. Қалған 6,5 млн теңгесін 25 жылға бөліп, 7 пайызын қосқанда ай сайын 46 мың теңгеден түсті,-дейді «Халық банкінің» менеджері Дәулет Қосан.
Алайда, Шымшаһардың көбісі мұндай жалақы алмайды. Алған күнде де кейбір өзін өзі жұмыспен қамтып отырғандар немесе жеке кәсіпкерлер салықты аз төлеуі үшін табысын жасырады. Сөйтіп, зейнетақы қорына «тиын» аударылады. Нәтижесінде төлем қабілеттілік расталмайды. Бірақ, банк менеджерлері бұдан да шығатын жол бар дейді. Ол — кепілгер. Яғни, «созаемщик». Халық банкінің менеджері «осы банк арқылы рәсімдейтіндер қасына екі адамды кепілгер ретінде ұсына алады» дейді. Айтуынша, бұл банкің өзге банктерден артықтышығы мұнда тек екінші жартыңыз ғана емес, табысы жоғары туысыңыз, досыңыз не көршіңіз сізге кепілгер бола алады. Олардың жасы 21-63 аралығында болуы керек.
ЖЕР ҮЙЛЕРДІ АЛУҒА БОЛАДЫ МА?
Көп қабатты үйде тұрып шаршағандар, жер үйге көшкісі келеді. Бір пәтерім барда екіншісін қайтпекпіз дейді. Сондықтан да, бағдарлама аясында жер үйге қол жеткізсек деп армандайды. Гүлнара Аширбаеваның сөзінше, бағдарлама аясында жер немесе жер үйді несиеге алу қарастырылмаған. Тек «Тұлпар» шағынауданындағы «Таун хаус» үйлерін алуға болады. Мұнда екі қабатты үйлердің жанында 4 соттық жері бар. 1 ш/м — 240 мың теңге. Яғни, шамамен 24-25 млн теңге.
БАҒДАРЛАМАНЫҢ ТИІМДІЛІГІ
«7-20-25» бағдарламасымен баспаналы болу өте тиімді. Банк өкілдері осылай дейді. Себебі, банк тарапынан ешқандай комиссия және сақтандыру ақысы алынбайды. Пәтер құнының нақты өзі есептеледі. Ал бағдарлама бойынша емес, үйді ипотекаға рәсімдесеңіз әр банктің өзінің пайызы (11/18%), оған комисиялық шығындар, оған сақтандыру құны қосылады. Бұл тиімсіз. Сондықтан да «7-20-25» бағдарламасымен рәсімдеу әлде қайда тиімді. Небәрі 7 пайыз. Бұл жерде бірге бір төлесеңіз, басқасында пәтердің өз сомасынан 3 есе артық төлейсіз. Сондай-ақ, жылдық пайыз пәтердің жалпы соммасынан емес, бастапқы жарна 20 пайызды шегергенде қалған қаржыға есептеледі. Мәселен, 15 миллиондық баспананы алсақ, 20 пайызын құйсаңыз, ай сайын 85 мың теңгеден 25 жыл төлейсіз. Бірақ, 25 жылды күтіп отыру шарт емес. Несиені 10-15 жылда жапсаңыз, пайыздар қысқарады. Бұл одан да тиімдірек болмақ.
СУБСИДИЯ БЕРІЛЕДІ МЕ?
– Бұл сауал көптеген Шымкенттіктерді мазалайды. Естеріңізде болса, 2018 жылдың 3 қыркүйегінде қала әкімі Ғабидулла Әбдірахымов пен «Баспана» Ипотекалық ұйымы» АҚ төрағасы Қайрат Алтынбеков өзара меморандумға қол қойған еді. Нәтижесінде өңірде «Қамқор Баспана» және «Жас арман» атты екі пилоттық жоба жүзеге асырылатын болды. Дәл сол кезде қала әкімі Ғабидулла Әбдірахымов бағдарламаға қатысушыларға баспаналы болуға әкімдік тарапынан көмек болатынын тілге тиек етті. Яғни, баспананың 20 пайыздық алдын ала төлемнің 50 пайызын қайтарымды субсидия ретінде берілетінін айтты. Себебі, көптеген азаматтар баспананың алғашқы 20% жарнасын төлеуден қиналады. Бұл бастама республика деңгейінде егжей-тегжейлі қаралып, көмектің 2 түрі берілетін болды, — дейді Гүлнара Аширбаева.
1. Әлеуметтік;
2. Бюджеттік.
Әлеуметтік субсидия жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған әлеуметтік әлсіз топтағыларға қайтарымсыз түрде беріледі.
Бюджеттік субсидия мұғалімдер, дәрігерлер, және полиция қызметкерлеріне 0,01 пайызбен 15 жылға қайтарымды негізде беріледі.
Бұл көмекке кімдердің қол жеткізетінін алдағы қалалық мәслихаттың отырысында белгілі болады.
Осылайша ұстаздар бар жоғы 1 сағаттың ішінде көкейінде жүрген барлық сауалдарына жауап алды.
Ал мамандар осындай жиындарды барлық мектеп ұстаздарымен өткізетіндерін тілге тиек етті.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ
«Оңтүстік Рабат» газеті, 5, 30 қаңтар 2019 ж
Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде
осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті