Алматыда ЮНЕСКО мүшелерінің халықаралық семинары өтті

288

Алматы қаласында ЮНЕСКО мамандарының қатысуымен «Орта Азиядағы тарихи қалалық ландшафтарға бағытталған тәсілді енгізу арқылы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін  техникалық қолдау» семинар- тренингі өтті.

Басқосуға  Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің ғалым-мамандары мен ЮНЕСКО және ИКОМОС мүшелері қатысты.

Семинарда тарихи қалалық ландшафтар қағидалары, оларды іс жүзінде қолданудың әдіс-тәсілдері мен қиындықтары жөнінде әдістемелер мен талқылаулар ортаға салынды.

Айта кетсек, Мәдениет және спорт министрлігі Түркістан қаласындағы 88,7 гектар аумақта орналасқан ортағасырлық тарихи-мәдени мұра нысандарын тарихи келбетін анықтауға және қалпына келтіруге арналған жобаны әзірлеген болатын.

Осыған орай, «Қазқайтажаңарту» кәсіпорны «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты 17 нысанда ғылыми-реставрациялық жұмыстардың жобасын әзірлеп, 2021 жылға дейін жұмыстар жоспарын құрды. Оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде 2019-2021 жылдары қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр.