Зарарсыздандыру жұмыстарына көптеп көңіл бөлінуі керек. Еңбекші аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасында «Дезинфекция, дератизация және дезинсекция іс-шараларын жүргізу» атты дөңгелек үстелде мамандар осылай дейді. Тендер төңірегіндегі түйіткілдер де талқылау тақырыбынан тыс қалмады.
Негізгі талап бойынша дезинфекциялау жұмыстарымен лицензиясы бар серіктестіктер жүргізуі тиіс. Бүгінгі таңда барлық мекемелер дезинфекциялық іс — шараларды жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы жеңіп алады. Тендерде ең төменгі бағамен ұтатындықтан фирмалар барынша үнемдеуге тырысады.
Зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізу үшін ҚР нормативтік-құқықтық актілердің талабы яғни, №8 санитарлық қағидасының талаптары бойынша елімізде рұқсат берілген нұсқаулығы бар заттар қолдалынуы керек. Сапасы жоғары ресейлік зарарсыздандыру құралдарын алудың орнына сапасыз қытай тауарларын алып келеді екен. Мәселен, қытайдан әкелінген заттар сертификатталған болуы керек, қазақ және орыс тілінде түсінікті жазылған нұсқаулығы болуы керектігін мамандар тілге тиек етті.
Алайда көп жағдайда бұл талаптардың сақтала бермейтіндігін де жасырып қалмады. Бұдан өзге де, білім ошақтарында зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізу барысы талқыланды. Сонымен қатар, дезинфекциялаумен айналысатын қызметкерлердің денсаулықтарына деген алаңдаушылықтарын білдірді.
Айгүл Тұрымбетова, Еңбекші аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы: «Дөңгелек үстелге емдеу профилактикалық мекемелерінің эпидемиологтары мен дезинфекторлары қатысып отыр. Дезинфекция, дератизация және дезинсекция жасайтын жұмыскерлер денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігін сақтау үшін қорғаныш заттарымен жеткілікті түрде қамтамасыз етілуі керек. Ондай болмаған жағдайда ертеңгі күні жұмыскерлердің денсаулығына улы заттар қатты әсер етіп, денсаулығы осалдануы мүмкін».
Г.Жұмаш