Экс-министр Бишімбаевтың түрмедегі тіршілігі қандай?

633

Ленгірдегі қауіпсіздігі барынша жоғары түзету мекемесінен Ұлттық экономиканың экс-министрі Қуандық Бишімбаев Шымкенттегі ИЧ 167/3 түзету мекемесіне ауыстырылды.

38 жастағы сотталған экс-шенеунік әзірге осы қауіпсіздігі орташа түрмеге үйренісіп жатыр. Себебі, мұндағы тиісті шаруалар мен жұмысқа әлі күнге жегілмеген. Тек жасақ құрамында жүріп, арнайы ереже бойынша қамаудағы күнін кемітуге көшіпті.Кезінде қызметі мен санасы сәт санап артып, жетістігімен жұртшылықты аузына қаратқан ол қазір білген-түйгені, тіпті шетелден алған білім-тәжірибесін де жүзеге асыруға қауқарсыз. Темір тордың 2-қабатында, 14 орынды бөлмеге орналасқан. Онда да Бишімбаевқа тиесілі жатын орынның аумағы — 2 шаршы метрді ғана құрайды.Тиісті 3 мезгіл тамағын уақытылы көппен бірге жұмыла, асханаға барып тұтынады.Ал өзінің қазіргі жәй-күйіне жирене қарайтын экс-министр бүгінде жанындағыларға да жатырқай және үрке, сенімсіздікпен көз тастайтын көрінеді. Сондықтан болса керек, біздің түсірілім тобының өзіне сұхбат беруден үзілді-кесілді бас тартты.

Бағдат Әсілбеков

Бағдат Әсілбеков, ИЧ 167/3 түзету мекемесінің  бастығы: «Сотталған Қуандық Бишімбаев ағымдағы жылдың 15-ақпанында осы түзету мекемесіне қоныс аударды. Қазіргі таңда өзге де жазасын өтеушілердің жанына, №2 жасаққа орналастырылды. Бүгінде оған ерекше  көзқарас, ерекше жағдай, айрықша орын қарастырылған жоқ. Жазасын өтеушілердің бәріне бірдей қараймыз. Сонымен қатар, барлық заңды талаптарға жауап қатып, жүктемелерді атқарып жатыр. Әзірге ешқандай тәртіп бұзған жоқ, оғаш қылықтарын байқаған жоқпыз. Және сотталған Бишімбаев жұмысқа орналасуға ниет білдірмеді. Бірақ мекеменің мәдени іс-шараларына қатысуға ниет білдіріп, өтініш жазды». Еске салайық, сот бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа өткен жылы наурыз айында 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарған. Оған мемлекеттің қаржысын жымқырды және пара алу қылмысы бойынша бір емес, бірнеше қылмыстық істер бойынша айып тағылған еді. Сондай-ақ, Бишімбаевті мемлекеттік органдарда және коммерциялық ұйымдарда басшылық қызметті атқару құқығынан өмірбақиға айырып, қылмыстық жолмен алынған мүлкін тәркілеуге үкім кескен-ді.

Мөлдір Бекеева