Еліміздің бас санитары шымкенттік оқушылардың неден уланғанын айтты

280

Еліміздің бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин шымкенттік оқушылардың неден уланғанын айтты. Бұл жағдай мектепке 600 метр жерде орналасқан табиғи газ таратушы станциядан шыққан ақаудың салдары деп отыр. Шымкенттің газ қызметі дер кезінде ақаудың көзін жойғанын мәлімдеді. «Соңғы зерттеу жұмыстарын жүргізген уақытта станция маңында және мектеп аумағында зиянды заттардың жоғы анықталды», — деді бас мемлекеттік санитарлық дәрігер.

Оның айтуынша, алғашқы бір сағатта 30 оқушы ауруханаға түскен, түнде — тағы 9 адам. Сонымен, 41 оқушы және 4 ересек адам ауырлықтың жеңіл дәрежесімен ауруханаға жеткізілді. Кешенді шаралар жүргізілгеннен кейін, ата-аналарға психологиялық көмек көрсетіліп, ауруханадан шығарылған.

Ғалымжан Әбішов, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы бастығының міндетін атқарушы: «Күні кеше, яғни, 18 наурызда Шымкенттегі № 54 мектепте оқушылар белгісіз заттан уланған. Бұл түсте болған жағдай. Белгісіз заттан 4-7 сыныптың 22 оқушысы, бір мұғалім, мектептің бір техникалық жұмысшысы уланған. Олардың бәрі де № 6 Шымкент қалалық токсикологиялық бөліміне жеткізілді».

Оқушылардың ата-аналарымен жұмыс нәтижесінде тағы 15 баладан улану белгісі анықталды, олар да дереу ауруханада жеткізілді. Жапа шеккендердің бәрінде де — жеңіл дәрежедегі улану. Мектептің барлық оқушысы мен мұғалімі бақылауға алынды. Жұмыс тобы төтенше жағдайдың себебін анықтау бойынша тексеру жұмыстарын жалғастыруда. Жағдайды қала әкімі өз бақылауына алды.

Ернар Балабеков