Көпбалалы аналарға ақ халаттылар ақ орамал сыйлады

387

“Алғыс айту’ күні Отырар және Бәйдібек аудандарындағы емханаларында “Ашық есік” күні өтті. Жиналған аналар мерекелік көңіл — күй сыйлаған ақ халаттыларға алғыстарын ақтаруда. Аурухана дәрігерлері ақ жаулықты аналардың иығына орамал жауып қарсы алды.

Отырар ауданы бойынша 216 көпбалалы анаға медициналық көмек көрсетілді. Оның ішінде 16 ана БГ порталына кезекке қойылып, 11 ана күндізгі стационар бойынша ем алуға жолданды. Тағы 8 көпбалалы әйел түрлі алғаш анықталған аурулар бойынша есепке алынды.

Тексерілуге келген Бәйдібек ауданының екі тұрғынын сүт безі қатерлі ісігі дерті бойынша күдік анықталып, алдағы уақытта жан — жақты сараптама жүргізілетін болды. Диагноз дәлелдеген жағдайда, оларға толық ем — дом көрсетіледі.

Дәрігерлердің қабылдауынан өткен әйелдер зертханалық сараптамалар жасатып, диагностикалық зерттеулер мен профилактикалық кеңестер алуда. Осыған дейін “Ашық есік” күндері Түркістан, Ленгір қалалық, Сарыағаш, Арыс, Шардара, Түлкібас, Жетісай, Төле би аудандық орталық ауруханаларының емхана бөлімінде өтті.

Емдеу орталықтарында жоспарланған ана мен бала денсаулығын жақсарту және медициналық қызметке қол жетімділікті арттыру мақсатында ауқымды шаралар өтіп жатыр. Медициналық және әлеуметтік психологиялық көмек жүздеген көпбалалы анаға жалпы тәжірибелі дәрігер, гинеколог, психолог, невропатолог, педиатр, хирург, травматолог-ортопед мамандары қабылдап, ем көрсетуде.

Түркістан облысының барлық аудандық емханаларында көп балалы аналар кезектен тыс қабылданады, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі негізінде дәрігердің нұсқауымен дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етіледі. Әрбір аудандық ауруханада арнайы палаталар жұмыс істейді.

Ақпан айының 20 — нан бастап Түркістан облысының барлық аудандық емханаларында көпбалалы аналар үшін «Ашық есік» күндері өтуде. Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігі, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығының ұйымдастыруымен қолға алынды. Дәрігерлер көпбалалы аналарды ақысыз медициналық тексеруден өтіп, медициналық сараптамалардан өтуге шақырады.