Көрермен көңілінде сан сауал туындатқан ерек қойылым

477

Әлем драматургиясының ұшар шыңы болып саналатын «Гамлет» трагедиясы Шымкентте сахналанды. Ағылшынның көрнекті ойшылы Уильям Шекспирдің жауһар дүниесін бұл жолы Жү Шанин атындағы қазақ драма театрының әртістері алып шықты. Әлем сахналарынан сан ғасырлар бойы түспей келе жатқан көрініс бұрынғыдан өзгерек.

Залдағы көрермен адалдық пен әділдік жолында күрескен, адамзат бойындағы пендешіліктен шошынған Гамлеттің биік тұлғалылығына куә болды. Және сол уақыттағы жаңа гуманист белгісін көрді. Зұлымдықты жазалап, шындықты ашу жолында аянбай еңбек еткен ханзаданың рөлі жас әртіс Руслан Нұрмановқа бұйырған. Айтуынша, бұл еңбек жолында бұйырған алғашқы басты кейіпкер.

Руслан Нұрманов, Ж. Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының әртісі: “Бұл ақ өлеңнен құралған қойылым болғандықтан тіл жағынан айтарлықтай қиындық болды. Сөздерді өз нақышында орындау қиын болды. Мысалы, драматург жазса оны тірілтетін режиссер мен актер. Сондықтан да тілді барынша сындыруға тырыстық.

Қойылымның режиссері ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаев. Айтуынша, мұндай классикалық шығармалар әр үлкен театрдың сахнасында қойылуы керек. Осындай туынды әртістермен қатар тетарды да өсіреді деген ол бұл жолғы Гамлеттің басқалардан ерекшелігін түсіндірді.

Бекболат Құрманғожев, қоюшы режиссер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткер: “Бізде бағыт кішкене бөлектеу болды. Бүкіл Шекспирдің пьесасын оқығанның өзінде 4-5 сағат оқылады. Оны бір жарым сағатқа сыйғыздық. Қанша қысқартсақ та, ой желісін үзбеуге тырыстық. Ал басты ерекшелік пьессаның өзінде сайқымазақ болса мен сол Шекспирдің өзін сайқымазақ қылып қойдым. Соның қолымен істеліп жатқандай дүние болады. Сол тұрғыдан басқа қойылымдардан айырмашылығы бар деген ойдамын.

Дат бекзадасының тарихы негізінде қойылған спектакльге көрермен көп жиналған. Әдебиет саласында адамдарды әлі күнге толғандыратын образ кез — келген жанды қызықтырары сөзсіз. Ал, қоюшы режиссер көрерменге терең ой салып, санасында сан сауал туындататын шығарма адамдарға әсер етететініне сенімді.

Жанерке Хумар