Келесте шегірткелердің қауіпті ошағы табылды

577

Шаруаларды шырылдатқан шегірткемен күрес ерте басталды. Түркістандық агрономдар Марокко шегірткесінің қауіпті ошақтарын анықтауға кірісіп кетті. Бір ғана ауданның өзінен фито санитар мамандар зиянкестер мекендейтін 400 гектар қауіпті жерді оқшаулаған.

Бұл қыстап шыққан Марокко шегірткесінің көбіршектері. Дәл осы тұқымдар шегірткеге айналады. Зиянкестердің тұқымдары кездесетін аймақты фито санитар мамандар ерте көктемде анықтап, зиянкестердің таралуын алдын алады.

Жалпы Түркістан обылысында Келес, Сарыағаш, Шардара және Арыс қалаларының аумағы зиянкестердің негізгі ошағы болып саналады. Әсіресе, Келес ауданы Морокко шегірткесінің ежелден келе жатқан ошағы дейді агрономдар. Биыл облыс бойынша 83 мың гектардан астам жер химиялық өңдеуден өтпек. Заласыздандыру жұмыстары сәуір айының ортасында басталады.

Ауа — райының өзгеруі де шегірткенің жер бетіне шығуына әсер етеді дейді мамандар. Мәселен, жаңбырлы маусым басталса, қыстап шыққан көбіршектің 7-8 пайызы залалдануы мүмкін. Бірақ та биыл Келес өңірінде ылғал емес, керісінше құрғақшылық күтілуде.

Еске салайық, осыдан бірнеше жыл бұрын Сарыағаш пен Шардараның егістігін жайпаған зиянкестер Ордабасы мен Арыс диқандарының егін алқабына шабуылдап, шаруаларды милиондаған шығынға батырған еді. Кейін белгілі болғандай, зиянкеспен күреске бөлінген техника мен дәрілер аздық етіп, қосымша күштер жұмылдырылған. Биыл агрономдар шегірткелердің егістікке зиян келтірмейтігін айтып сендіруде.

Темірхан Елонов, облыстық аумақтық инспекциясының бөлім басшысы: «Анықталған қауіпті жерлердің барлығында өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Биыл өңдеу жұмыстарын сәуір айының 12-14 не басталады. Былтырғы жылмен салыстырғанда залалданған жерлер азайып отыр. Бұл сапалы анықтау жұмыстары мен өңдеу жұмыстарының нәтижесі».

Айта кетейік, биыл шегірткемен күрес жұмыстары үшін облыстық бюджет есебінен 230 млн. теңге шамасында қаржы бөлініпті. Бұл қаражатқа 83 мың гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстары жүргізімек.

Лаура Нақыпқызы