Түркістан: Зиянкестерге қарсы күресте дрондарды қолдану қолға алынып жатыр

Түркістан облысында алғаш рет зиянкестермен күреске робототехниканы пайдалану жолы ұсынылып жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі шегірткемен күреске дрондарды қолдануды қарастыруда. Мамандардың айтуынша, құрылғы алдын ала барлау нәтижесімен, қажет аймақты тура тауып, зяинкестерді жояды.

Түркістан облысында зиянкестермен күреске дрондарды қолдану қарастырылып жатыр. Өңірге жұмыс сапарымен келген Ауыл шаруашылығы министрі шегірткеге қарсы күрес жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігерлермен кездесті. Фитосанитариялық шаралардың жүргізілуіне 100-ге жуық техника жұмылдырылады.
Министр мердігерлерге күресті күшейтуді, өңдеуді дер кезінде аяқтауды және техника санын арттыруды тапсырды.

Дрондарды пайдалана отырып, жәндіктерді анықтау аумақтарының мониторингін енгізу – болашақта жерді фитосанитариялық өңдеуді дәлірек жүргізуге мүмкіндік береді дейді мамандар. Дрондар мен өздігінен басқарылатын құрылғыларды қолданумен қазақ-қытай бірлескен кәсіпорны айналысуда.

Бұл құрылғылар алдын ала барлау нәтижесімен, GPS картаға тек зиянкестермен күресу үшін енгізілген жерлерді тура тауып, жояды. Мамандар адам қолы жете бермейтін аумақтарға өздігінен басқарылатын құрылғыларды пайдаланған тиімді екенін айтады. Бір дрон 1 сағатта 180 га жерге дәрі себеді.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен облыс әкімі Дархан Сатыбалды Келес пен Сарыағаш аудандарында жүргізіліп жатқан марокко шегірткесіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстарының барысымен танысты. Бұл жұмыстар Келес ауданы Бозай ауылы мен Сарыағаш ауданы Әлімтау ауылдық округінде қарқынды жүріп жатыр.

Биыл облыста зиянкестердің таралу аймағы былтырмен салыстырғанда бірнеше есе ұлғайып, 270 мың гектардан асқан. Түркістан облысы марокко шегірткесі ең көп таралған аймақ саналады. Бүгінге дейін облыс бойынша 30 мың гектардан астам алқапта шегірткенің ошақтары химиялық жолмен өңделді.