«Наурыз» керуені» ақ бүрку салтымен бастау алды

390

Ұлыстың ұлы күнін хабарлау үшін шаһарда «Наурыз керуені» жүріп өтті. Жақсылар мен жайсаңдарды жинаған көш үшінші мегаполистіктердің көзайымына айналды. Наурыз алаңынан жолға шыққан жұртшылық жол бойында көшет отырғызып, тұрғындарға бауырсағын да таратып үлгерді. Осылайша жыл басын тойлау ерекше басталып кетті.

Наурыз алаңында көшпелі елдің көрінісі көпшілікке ұсынылды. Жастар жағы алтыбақан теуіп жатса, жеңгелер ошақ басында қазан көтеруде. Ал ақсақалдар мен ақжаулықтылар дәмнен ауыз тиіп, ел-жұртқа ақ батасын берді. Соңында көшпен бірге Шымкент көшелерін аралауға аттанып кетті. Басты мақсат дүбірі естіліп келе жатқан ұлыстың ұлы күнін шаһар тұрғындарына жеткізу.

Қазақы иісті аңқытқан керуен жол бойында дендросаябаққа аялдады. Үшінші мегаполистегі ағаштардың отанына тағы да көшеттер қосылды. Бұл жолы жас ағаштар жерге жәй ғана қондырылған жоқ. Ақ жаулықтылар ескі дәстүрді жаңғыртып, ақ бүрку салтын да өткізді.

Жол бойында ән мен күйден шашу шашқан керуенге көрермендер де тәнті болды. Фотоға түсіріп мәре –сәре болған халық Ұлыстың ұлы күнін жылдағыдан ерекше сезінгендей.

Сәні мен салтанаты келіскен керуен межелі орынға жақындап келеді. Наурыз алаңынан басталған көш 5 шақырымды артта қалдырды. Осылайша қала халқына мерекелік көңіл күй сыйлаған оларды Қазақстан халқы Ассамблеясында түрлі ұлт өкілдері күтуде. Ақ дастархан жайған ұлыс өкілдерінің пейілі елімізде сақталған бейбітшілік пен татулықты дәлелдеп тұрғандай.

Күймемен жеткен көпшілікті ақ жаулықтылар шашу шашып күтіп алды. Ел жұртпен көріскен көш кейін концерттік шараны тамашалап, жастардың өнеріне ақ баталарын берді.

200-ге жуық жан кейін ақ дастархан басында жиналды. Әр ұлттың тағамдары ұсынылып, дәм берілді.

Назерке Үкібасова