Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде белгілі ақын, сазгер Әкім Ысқақ атындағы дәрісхана ашылды.
Шараға жазушы ақын-жазушылар мен зиялы қауым өкілдері, Ә.Ысқақтың студенттік шақта бірге оқыған группаластары мен үзеңгілес достары, ОҚМПУ-нің ұстаздары мен студенттері, кітапханашылар қатысты.
Философиялық тәлім-тәрбиеге негізделген «Жүректегі жазулар», «Адам іздеп жүрмін» эссе-кітаптары мен көптеген әндердің авторы, Ордабасы ауданының «Құрметті азаматы» Әкім Ысқақ — Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің 1982 жылғы түлегі.
Шығармашылық әлемінде аты әйгілі шәкіртке арнайы дәрісхана атын берген оқу орны мен зиялы қауым өкілдері ізгі ниеттерін білдіріп, жастардың үлгі-өнеге алып, қаламгер шығармашылығымен танысуына жол ашатынын жеткізді.
Жиын барысында, А.С. Пушкин атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана қызметкерлері «Жүрек сөзімен нұр себелеген» тақырыбында арнайы кітап көрме ұйымдастырып, іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты. Әкім Ысқақ 1960 жылы Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Бөржар ауылында дүниеге келген.
1989 жылы Самарқандта өткен Орта Азия және Қазақстан жастары өнер және поэзия фестивалінің лауреаты, республикалық «Жігер» фестивалінің дипломанты, С.Ерубаев атындағы Шымкент облыстық Жастар сыйлығының лауреаты атанған. «Абзалдық әліппесі» атты кітабы бірқатар университеттер мен мектептерде пән ретінде оқытылуда. 1997 жылы «Жыл адамы» атағын алған.
Оның шығармалары орыс, өзбек, түркімен тілдеріне аударылған.