Ол ән салғанда бүкіл дала сырлы әуенге басқандай көрінетіні рас. Бұлбұлдың үніндей әсем, иен даланың сазды сырын бойына сіңіріп, әуелете шырқағанда бойды шымырлатып, жүректі қозғайтыны тағы да рас. Жібектей сазды иірімдерімен иіріп әкеліп, қайырмасын әуелете көкке созғанда таңдай қақтырады. «Шынымен ғажап дауыс» деп таңданбасқа амал кем… Облыстық опера және балет театрының белді де беделді әншісі Үрәлхан Сейілбековамен сырлы сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.
— Опера, классикалық музыка өнердің асқақ шыңы саналса да, оны жоғары бағаламайтындар басым. Операдан көрі эстараданы сүйіп тыңдайтындар көп…
— Ия, бұл бүгінгі күнгі өзекті мәселе. Бірақ бүгінгі таңда менің өнерім орынды бағаланбай жатыр деп тақырып қозғап, айтқым келмейді. Жарнама жетіспейтіні рас. Операны көбірек жарнамалауымыз керек. Эстрада әншілерінің жарнамасы мықты ма, халықтың талабы сондай ма, білмеймін, эстрадалық әндерді көп тыңдап, көп қошеметке ие болып жатады. Опера айтамыз, 2-3 сағат роль сомдаймыз. Әрине, оңай емес. Біз тек опера, ария айтумен шектелмейміз, эстрадалық-классикалық тұрғыда әндер жаздырып жатырмыз. Халыққа жетуі үшін…
— Еңбегім тиісті деңгейінде бағаланып жатыр деп айта аласыз ба?
— Өткен жылы «Ерен еңбегі үшін» медальімен марапатталдым. Астанада жүрсек, бұдан да ертерек алар едік. Операда екі, не үш басты партияны орындаса ол салмақты дүние деп есептелінеді. Облыстық опера және балет театрымызға 10 жыл болды. Осы уақытқа дейін барлық басты партияларды орындап келе жатырмын.
— Астана, Алматы өнер ордасы, рухани орта деп жатамыз. Провинцияда қалып кеттім деп өкінбейсіз бе?
— Шымкентте отырып – ақ, сол қалаларға барып үлкен сахналарға шығуға болады. Өткен жылы Бішкекке фестивальге қатысып келдім. Ресейден, ТМД елдерінен мықты әншілер келді. 2016 жылы Абай театрының сахнасында ән айттым. 40- тан астам шетелге шығып, қазақтың өнерін таныстырдық. Осы Шымкентте жүріп-ақ көп дүние жасауға болады.
— Бала күнгі арманыңыз орындалды ма?
— Бала күнімде әнші боламын деп армандағаным есімде жоқ. 5 жасымнан бастап ән айттым. Әкем әнші — термеші болған. Театрға келгенге дейін жоғарғы оқу орнында жұмыс істедім. Студенттерді вокал өнеріне үйреттім. Ұдайы қайнаған өнердің ортасында жүрмін. Алдыңғы лекте десем болады.
— Неге эстарада бағытын таңдамадыңыз?
— Өзіме опера ұнайды. Әр партияны орындар алдын тарихымен танысып, бейнесін ашуға тырысамын, сол заманда қалай жазылды, либреттосы, сюжеті қандай, соның бәрін зерттеп, сол образда жүремін. Кейде бір операны орындаған кезде бір ай ауыратын кездерім болды. «Қамар сұлу» операсын орындағанда вокалдық тұрғыдан өте қиын болды. Сопрано дауысты әншілерге арналып жазылған дүние. Көп әншілер орындай бермейді. Басты кейіпкер соңында жынданады. Характер жағынан беруден бөлек, вокалдық тұрғыдан да оңай емес. Бір айдай ауыр болды. Кейін қалыпқа түстім. Әр рольдің өзіндік қызығы да, қиындығы да болады.
— Өз деңгейінде, шегіне жеткізіп орындай алмадым — ау деген рольдеріңіз бар ма?
— Әр саханаға шыққан сайын бұдан да мықты орындауым керек еді деген көкейде арман қалады. Бұл жолы керемет айттым деген ой болған емес. Одан бөлек мына жерін құрттым-ау деген үлкен қателік те болған емес.
— Ойыңыздағы орындасам деген ролдеріңіз бар ма?
— Арман бітсе онда өмір тоқтады деген сөз ғой. Әлі алда жоспарлар көп.
— Мәселен…
— Қазақтың маңдайына біткен інжу маржан операларының біразын орындадым. Әлемдік деңгейдегі классикалық операларды, Лучинидің операларын орындасам деген ойым бар.
— Бұрыннан келе жатқан классикалық дүниелерді орындап жүрсіздер ғой. Ал бүгінде классикалық заманауи жаңа әндер жазатын композиторлар бар ма?
— Бүгінде арнайы жазып жүрген композиторлар жоқтың қасы. Дегенмен жергілікті композитор Светлана Ахметова мюзикл жазып жатыр. «Махаббат бекеті» деп аталады. Өз көрермендерін қаншалықта табады — ол енді уақыт еншісінде.
— Жастардың бәрі эстрадаға бет бұрып кетті. Сіздердің іздеріңізден еріп келе жатқан жастар бар ма?
— Жастар көп. Халықтың ішінен шығады ғой. Эстрада айтып жүріп операға ауысып жатқандар бар.
— Эстрада ауысу ойыңызда бар ма?
— Жоқ, ауыса алмаймын. Эстрадалық — классикалық сүйемелдеумен айтып жүрміз. Сандро Бачелли, Сара Брайтман сынды әншілер опера әншісі болғанымен, операдан үзінділер алып, эстрадалық сүйемелдеумен айтып жүр. Сонымен ол көбірек танымал болып кетті.
— Шетелдерде мықты әншілер дауысын сақтандырады ғой. Сіз дауысыңызды сақтандырғансыз ба?
— Жоқ…
— Экологиялық ауданда тұратын мамандарға қосымша ақы төленеді. Үнемі жанды дауыста айтасыздар. Сіздерге де үстеме ақы төленеді ме?
— Концерттерге барғанда, жылдың басында қаралған қаржыдан үстемақы төленеді. Адамда қанағат деген болуы керек. Ақша ешуақытта ешкімге жетпейді, жеткен де емес. Өнер ақшамен өлшенбеуі керек деген ұстаныммен тәрбиелеген бізді. Бірақ бүгінгі таңда шоу бизнес дамып жатыр, неге бір жерге барып қосымша табыс таппасқа? Бұл — заман талабы. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген. Жалақыма шүкір деймін.
— Көпшілікті кінәлауға да болмас. Операны көбі түсіне бермейді. Түсініп, жақсы көріп тыңдайтындар сирек екені де рас…Опера әншілеріне тойға сұраныс бар ма?
— Тойға барғанда тек табыс табу үшін бармау керек. Классикалық ән орындауды дәріптеуіміз керек. Бүгінде театрдан көрі, тойға көп барады ғой көпшілік. Бізді тойда тыңдап, таңданып, театрға келіп жататындар бар. Таныстарын алып келіп көрермен арттырып жатқан жағдайлар бар.
-Әлемнің көптеген елдеріне барасыздар. Ол жақта театр мәдениеті, өнердің бағалануы қалай?
— Ол жақта ешуақытта ешкім тегін ән айтпайды. Төрт адам отырса да ақысын төлейді. 300 орындық театр сахнасына үйреніп қалғанбыз ғой. Оларда 20-40 адам отырса да аудитория саналады. Өнерді жоғары бағалайды. Ол жерде әрбір жасалынған еңбек жоғары бағаланады. Барлық сала бойынша.
-Дауысыңызы қалай күтесіз?
— Қатып қалған қағида жоқ. Мұздай су ішпей, балмұздақ жемей, құнарлы тамақтануды ұстанамыз енді…
— Сұхбатыңызға рахмет!
Гүлжан Көшерова