Түркістан облысының полицейлері өткен жылдың қылмысын ашты. Бұл жөнінде Түркістан облысындағы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
2018 жылдың қаңтарында Сарыағаш АПБ-не белгісіз бетперде киіп, суық қарумен қаруланған үш азаматтың букмекерлік кеңсеге баса көктеп кіріп ақша талап еткендігі туралы хабарлама келіп түскен.
Оқиға орын алған жерге полиция бөлімі қызметкерлерінен құралған жедел-тергеу тобы аттанады. Букмекерлік кеңсеге қарақшылық жасалған кезде ішінде кассир мен күзетшінің болғандығын полицейлер анықтады. Алайда, олар қылмыскерлерді суреттеп бере алмады, себебі қылмыскерлер медициналық бетперде мен қалпақшалармен тұмшаланып алған. Қарақшылардың бірі күзетшіге қару тақап, екіншісі кассирден ақша талап еткен. Дегенмен де кассада ақша болмай, олар құр алақан қалып, бой тасалап үлгереді.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 192-бабы — «қарақшылық» бойынша полиция бөлімінің СДТБТ-не тіркеуге алынды. Тергеушілер мен жедел уәкілдердің арасынан арнайы топ құрылды. Олар күдіктілерді табу үшін қажетті шаралардың барлығын жасайды. Алайда нәтиже болмайды.
Полицейлерге букмекерлік кеңсеге қарақшылық шабуыл жасағандардың ізіне түсу үшін жыл қажет болады. Нәтижесінде, 2019 жылдың 19 наурызында Сарыағаш АПБ-нің криминалды полиция қызметкерлерінің жедел-іздестіру шараларының аясында аудан орталығынан 3 жас жігіт құрықталды. Олардан «ИЖ» 16 калибрлі аңшы мылтығы, «Оса» травматикалық қаруы және бірнеше бетперделер тәркіленді.
Ұсталған азаматтар бұрын сотты болған, жұмыссыз жүрген Түркістан облысының тұрғындары. Қазіргі таңда күдіктілер қамауда. Сотқа дейінгі тексеру амалдары жүргізілуде. Полицейлер жас жігіттерден құралған бұл топтың тағы да басқа қылмыстық әрекеттерге қатысуы болуы мүмкін екендігін жоққа шығармайды.