Шымкентте 70 шақты жұмысшы жалақысын ала алмай отыр. Қызметкерлеріне еңбекақы төлей алмай отырған кәсіпорындардың қызметкерлері қалалық еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасына арызданған. Бұл туралы бүгін басқарманың өткен жылы атқарған жұмыстары мен биылғы жоспарлары баяндалған брифнгте мәлім болды.
Бұл мекеменің басқарма болып құрылғалы БАҚ өкілдерімен алғашқы басқосуы. Еңбек инспекторлары жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы заңсыздықтарды жоюда бірқатар шаруаның басын қайырыпты. Жалақы қарызын өндіруде өнімді еңбек етіп жатырмыз деп сендірген инспекторлар қалада әлі де 6 бірдей кәсіпорынның жұмысшылар алдында маңдай ақы, табан терін өтей алмай отырғандарын жасырмады. Олардың қарызы бүгінде 26 млн. теңгеден асқан. Бұл істердің дені бүгінде сотқа дейін жеткен дейді жауаптылар.
Жазатайым оқиғалар да тыйылар емес дейді мамандар. Жыл басынан бері тіркелген 3 үш оқыс оқиға кезінде осынша адам зардап шегіп, оның біреуі қайтыс болған. Еңбек инспекторларына осы уақыт аралығында 200 — ден астам азаматтан шағымданыпты. Арыздар бойынша арнайы тексерулерге шыққан қызметкерлер 40 шақты заңбұзушылықты анықтадық дейді.
Баспасөз брифингінде еңбек қатынастарына қатысты келеңсіздіктер көп кездесетін салалар да мәлім болды. Еңбек инспекторларының айтуына қарағанда басқармаға құрылыс, күзет салалары мен балабақша қызметкерлері жиі арызданады екен.
Мақпал Рысбаева