Шымкентте балмұздақ сататын 7 сауда орны жабылды

197

Шымкентте 10 тағам объектілерінің жұмысы уақытша жабылды. Оның жетеуі жұмсақ балмұздақ сататын орын. Бұл туралы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары мәлімдеді.

Өткен жылы ерекше тәртіппен және жоспардан тыс барлығы 301 тағам объектілері (тойхана, шайхана, дәмхана, кремдік кондитерлік өнімдер шығаратын, сүт өңдеу, ет өңдеу объектілері, наубайханалар, жұмсақ балмұздақ, лаваш, самса сататын орындар, жұмысшыларға арналған асханалар және т.б.) тексерілді. Оның ішінде 210 объектіде санитариялық талаптардың бұзылғандығы анықталды.

«Негізінен келесі санитариялық талаптар бұзылған: медициналық тексеруден дер кезінде өтпеу, фортификацияланбаған ұнды пайдалану, өндірістік бақылаудың болмауы, кейбір азық-түліктердің сапасын және қауіпсіздігін дәлелдейтін құжаттарының болмауы, залалсыздандыру заттары жеткілікті мөлшерде еместігі, арнайы жұмыс киімінің толық еместігі және басқа да кемшіліктер. Анықталған кемшіліктер бойынша 200-ден аса айыппұл салынды, кемшіліктерді жою туралы орындау мерзімі нақты көрсетілген 210 ұйғарымдар берілді. 20 талап арыз сотқа өткізіліп, сот шешімімен 10 объектіге айыппұл салынып, жұмысы уақытша тоқтатылды, 9 объектіге жұмысы тоқтатылмай айыппұл салынды, 1 объекті өз еркімен жұмысын тоқтатты. Медициналық байқаудан өтпеген 58 адам жұмыстан уақытша шеттетілді»-дейді Шымкент қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаменітінің мамандары.

Лаура Нақыпқызы