Úı Jańalyqtar Түркістанда медиаторлар ассоциациясының бірлестігі ашылды

Түркістанда медиаторлар ассоциациясының бірлестігі ашылды

Бүгін Түркістан қаласында «Қазақстан медиаторларының ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Оған Түркістан облыстық сотының Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Түгел Бекімбетов, облыстық соттың татуластыру рәсімдері бойынша үйлестіруші судьясы Бауыржан Тәңірбердиев, облыс әкімдігінің Мемлекеттік құқық бөлімінің басшысы Нұрлан Ешенқұлов, Қазақстан халқы ассамблеясы облыстық филиалы төрағасынның орынбасары Мәдина Камеденова, Түркістан қалалық сотының судьсы мен кеңсе меңгерушісі, кәсіби медиаторлар, заңгерлер жіне БАҚ өкілдері қатысты.

Іс-шараның ашылуы барысында Т.Бекімбетов облыстың Түркістан қаласында татуластыру орталығын ашу туралы облыстық сот тарапынан жасалған ұсынысты іске асырып отырған бірлестіктің басшысы мен мүшелеріне алғысын білдірді.

Сонымен қатар, Түгел Бекбайұлы орталықтың тараптар арасындағы дауды (жанжалды) сотқа дейін және сотта татуластыру рәсімдерін кеңінен қолдана отырып шешуге мүмкіндік беретінін атап өтіп, оның қызметкерлеріне жұмыста сәттілік тіледі.

«Қазақстан медиаторларының ассоциациясы» ЗТБ презмденті Дана Кенжеқұлова орталықтың жұмысы халыққа кәсіби медиатор мен заңгердің қызметін тұрақты түрде ұсынуға бағытталғанын және дауласқан тараптар сотқа жүгінбей-ақ, осы жерге келіп, өз мәселелерінің оң шешімін табуға немесе заң кеңесін алуына болатынын айтты.

Орталықтың жарық және жайлы кабинеттері ыңғайлы жиһазбен, кеңсе техникасымен жабдықталған. Медиацияның артықшылықтары туралы ақпараттық материалдар да бар.

Ашылу рәсімі барысында қонақтар орталықтың жұмыс кабинеттерімен танысып, келушілер үшін жасалған жағдайға қатысты оң пікірлерін білдірді.