Құзырлы орган өкілдері азаматтарды шыны кабинеттерде қабылдайды

302

Шымкент соты қала тұрғындарын 5 күн қатарынан қабылдайтын болды. Және арыз арқалап келгендер бұрынғыдай қарапайым бөлмеде сөйлеспейді. Енді олар шыны қабырғадан тұратын орталықта мәселелерін шешпек. Мамандардың айтуынша мұндай жаңашылдық тек үшінші мегаполисте орын алып отыр.

Әділдік іздеген қала тұрғындары бұған дейін соттағы қабылдауға аптасына бір рет бас сұға алатын. Тиісінше белгіленген күні келушілердің саны артып, мәселелерін кезекке тұрып шешетін. Енді төрелікті тапқысы келгендерге соттың есігі аптаның 5 күнінде де ашық. Жаңашылдыққа жаны жақын шымкенттіктер үшін соттағы бастама бір бұл ғана емес.

Нұрсұлтан Байтілесов, Шымкент қаласы бойынша соттар әкімшісінің басшысы: «Жасыратын ештеңесі жоқ, кез-келген мекемеге барсақ бірінші басшыға жолығу әрқашан да үлкен қиындық тудырады. Біреулер кіреді. Біреулер апталап күту керек болады. Біреуді айына бір-ақ рет қабылдайды. Бұл әрине халыққа ыңғайсыздық туғызады. Осының бәрін ескере отыра жаңа форматқа көшуге шешім қабылдадық. Бұрын аптасына бір рет қана қабылдасақ жаңа форматта аптасына 5 күн қабылдау жүргізіледі».

Үкім шығарушылармен қабылдауға келгендер шыны кабинетте тілдеседі. Бұған дейін еліміздің ешбір қаласында болмаған бұл бастама тұңғыш рет Шымкентте орын алып отыр. Ерекше бөлмеге бірінші болып келгендердің қатарында Динара Жүрсінбекова бар. Сот өкіліне жаңа ұсыныстармен келген медиация маманы қабылдау бөлмесінің ыңғайлы екенін айтады.

Динара Жүрсінбекова, кәсіби медиатор: «Маған қабылдау орталығы ашықтығымен ұнады. Әкімші мені қабылдады. Ұсыныстарымды тыңдады. Енді ұсыныстарымды төрағаға жеткізу керек. Өте қуаныштымын. Қаламыздағы халық егер мәселесі туындаса еш ойланбай келе берсе болады. Сенім бар. Бастамашыларға көп рахмет».

Еске сала кетейік, 2018 жылдың 5 қазанында Елбасы сот жүйесін жаңғыртуды тапсырған еді. Президент бастамасына орай қала әкімі мен сот төрағасы меморандумға қол қойып өзара ынтымақтасты. Ал, жаңа форматтағы «Азаматтарды қабылдау орталығы» тың бастаманың жемісі.

Назерке Үкібасова