Түркістанның тауларында 7 қар барысы бар

464

2019 жылдың 1 қаңтарына облыстағы мемлекеттік орман қоры 3 млн. 439 мың 139 гектарды құрады. Облыстағы орман шаруашылығы мекемелерінде барлығы 7720,6 гектарға орман молайту жұмыстары жүргізілді.

Оның ішінде 7000 гектарға 43 тонна сексеуіл тұқымын себу жұмыстары атқарылса, 720,6 гектарға көшет егу жұмыстары атқарылды. Бұл туралы Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметінде Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекция басшысының орынбасары Қырықбай Бақытжан мәлімдеді.

«Сексеуіл отынының табыс көзіне айналып бара жатқандығын ескеріп Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығымен 2017 жылдың 1 шілдесінен сексеуіл сүрегін саудалауға тыйым салынды. Заңға бағынбай құқық бұзушы 12 азаматқа құзырлы органдар тарапынан әкімшілік айыппұл салынды. Бұл жұмыстар биылғы жылы да жалғасуда», – деді Бақытжан Есіркепұлы.

Бұдан өзге, облыстағы аңшылық алқаптардың жалпы аумағы 6 млн. 744 мың 700 гектарды құрап отыр. Оның 6 млн. 552 мың 500 гектары 10 аңшылық пайдаланушыға бекітілген, 172 мың 500 гектарды құрайтын 6 аңшылық алқап резервтік қорда. Қолданыстағы заңнамалардағы өзгерістерге сәйкес, парктер аумағында ау аулауға 2017 жылдан бастап түпкілікті тыйым салынған. Сондай-ақ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығына сәйкес, ҚР аумағында 2017 жылдан бастап жыл сайын 16 ақпаннан 14 маусымға дейінгі аралықта аң аулауға тыйым салынды.

Мәліметтерге сәйкес, қазір Түркістан облысында 7 қар барысы, 178 үнді жайрасы, 604 арқар, 155 бұқар бұғысы, 2658 тау ешкі мекендейді. Жануалар дүниесін арттыру мақсатында бүгінгі таңда облыста жек дуадақты жасанды жолмен өсіруге арналған Бәйдібек ауданы аумағындағы 1000 га аумақта арнайы тұқымбақ бар. Тұқымбақтың бүгінгі күнге өнімділігі шамамен 2000 басты құрап отыр. 2018 жылы маусым айында қолдан өсірілген 3995 бас жек дуадақ құстары БАӘ-ден әкелінді. Оның 2495 басы Қызылқұм мен Мойынқұмға еркіндікке жіберілсе, қалған 1500 бас жек дуадақ құсы аналық бастың санын арттыру мақсатында Бәйдібек ауданында орналасқан арнайы тұқымбаққа орналастырылды.

Облыстағы бекітілген балық шаруашылығы су айдындарының саны 11. Оның екеуі халықаралық және республикалық маңызы бар Шардара су қоймасы мен Сырдария өзені, қалғандары жергілікті маңызы бар су айдындары.Балық шаруашылығын жүргізуші тұлғаларға 2018 жылы 1336 тонна лимит бөлінген.

2018 жылы тексерулер мен табиғат қорғау іс-шаралары нәтижесінде барлығы 329 құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде: 223 балық шаруашылығы саласы бойынша, 68 аңшылық шаруашылығы бойынша, 38 орман шаруашылығы және ЕҚТА бойынша болып отыр.

Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметі