Шымкенттіктер тегін дәріні енді емхананың өзінен алатын болды. Бұл үшін қаладағы 13 мемлекеттік емхана ішінен дәріхана ашылып, халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін болды. Енді диспансерлік есепте тұратын азаматтар алысқа бармай-ақ, тегін дәрі-дәрмекті емхана ішінен алады.
«Бұрын «СК Фармация» қандай жекеменшік дәріханамен келісімшартқа отырса, сол жерден алатын. Қазір тікелей емхана дәріханасына келеді. Мұның тиімділігі — диспансерлік есепке тұрған азаматтар дәрігердің қабылдауында болып, емдік рецепті тағайындағасын, бірден дәрі-дәрмегін алып кетеді», – дейді №7 емхананың бас дәрігері Айман Оспанова
Емхана ішінен ашылған дәріханалар тіркеуде тұрған азаматтарға дәрігердің рецепімен береді. Дәл қазіргі кезде көбіне медициналық ұйымдарда жүрек ақауымен есепте тұратын пациенттер дәрілік заттарын тегін алуда. Сондай-ақ, қаладағы емханаларда дәрігерлердің жүктемесі азайып, 60-қа жуық жаңа учаскелер ашылды. Осыған сәйкес медициналық ұйымдарда терапевт және педиатр дәрігерлері толықтырылады.
Айта кетейік, Шымкентте смартфондық ақпараттық жүйеге күні бүгінге дейін 154 609 азамат тіркелген. Нәтижесінде мобильдік қосымша арқылы тұрғындар лабораториялық анализдердің қорытындысын алуға қол жеткізуде.