«Жас-ай» медицина орталығы мен «Нұр Отан» партиясының филиалы меморандумға қол қойды

125

Көпбалалы аналар тегін емделуге мүмкіндік алды. Бүгін «Жас-ай» медицина орталығы мен «Нұр Отан» партиясының филиалы арнайы келісімге келіп, меморандумға қол қойды. Бір айда бір ананы қабылдайтын орталық одан өзге ардагерлерді де ақысыз қарауға ниетті.

«Жас-ай» халықаралық медицина орталығының Қазақстанда 3 бірдей бөлімі бар. Бірі Астана, екіншісі Алматы ал, кейінгісі үшінші мегаполисте орналасқан. Үшіншісінің ашылғанына жыл да толмапты. Әйтсе де, осы аралықта халық сұранысына ие болып үлгерген. Тіпті шығыс медицинасын іздегендер еліміздің өзге қалаларынан да келуде.

Жасан Зекейұлы, Медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик: «Бұл біріншіден халықтың сұранысы, екіншіден сапалы медицинамен қолжетімді ем беру деп ойлаймын. Сондай-ақ, «Абай» атындағы орталық кітапханада кітаптардың тұсаукесері болайын деп жатыр. Негізгі мазмұндамасы жастарға тәрбие ретінде өзім түйген ойларымды жинақ етіп шығардық».

Атағы кеңге жайылған «Жас-ай» орталығында қатерлі ісік пен ашық өкпе ауруынан басқасына ем табылады. Клиниканың негізін қалаушы бас дәрігер Жасан Зекейұлының айтуынша мұнда күніне 40-қа жуық науқас келіп тіркеледі. Ал, бүгін ем қабылдаушылар жағдайын тек дәрігер емес депутаттар да сұрады.

Ескермес Жақсымбетұлы, емделуші: «Мен Түркістан облысының Созақ ауданынан келдім. 2009 жылы қатты ауырып, инсульт алып қалдым. Оң қолым мен оң аяғым істемейді. Тілім күрмеліп қалған еді. Содан осы кісіні естіп, Алматыға бардым. Алматыда 2009 жылдан бастап осы кісінің қарауында болдым».

Клиникамен танысқан билік өкілдері арнайы келісімге келіп, көпбалалы аналардың тегін емделуіне мүмкіндік алды. Яғни, қалалық «Нұр Отан» партиясынан көмек сұраған жандар енді халықаралық медицина орталығына жүгіне алады.
Айта кетейік, орталық айына бір көпбалалы ана мен ардагерлерді емдеуге келісім берді. Жалпы 15 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан «Жас-айдың» бұл мұқтаж жандарға көрсеткен кезекті көмегі.

Бахадыр Нарымбетов, «Нұр Отан» партиясының Шымкент қаласы филиалының басшысы: «Бізге партия филиалына көптеген азаматтар келеді. Оның ішінде әл-ауқаты әлсіз, жағдайы нашар отбасылар да бар. Солардың емделуіне қаржы жетпей жатқан жағдайлар болады. Сондай азаматтарға сіз боп, біз боп қолдап оларға көмек көрсетсек».

«Жас-ай» бағындырған белестің бұл бір парасы ғана. Сондай-ақ, бұл күні клиниканың бас дәрігері туындыларының тұсауын кесті. Көпшілікке қатарынан 3 кітап ұсынған Жасан Зекейұлы еңбектерінде түрлі тақырыпты қозғаған. 200 беттен тұратын басылымның бірі кейінгі ұрпаққа өсиет болса, қалғандары шығыс медицинасының қыр-сырын қамтыған.

Лицензия №16003040 16.03.10 ж Алматы қ. әкімдігімен берілген