Наурыз айының соңында Келес АПБ-не жергілікті тұрғын, базарлардың бірінен сөмкесінің ішіндегі 20 миллион теңгенің бағалы әшекейі ұрланғаны туралы арызданады. Жәбірленушінің айтуы бойынша, бұйымының жоғалғанын ол үйіне барып, сөмкесін ашқан кезде ғана білген. Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы «ұрлық» бойынша СДТБТ-не тіркеуге алынды.
Қылмысты тез арада ашу үшін Келес АПБ қызметкерлерінің арасынан жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер тұрғындар арасында сауалнама жүргізіп, базарларда қойылған бейнекамераларды тексеріп қажетті деген іс-шаралардың барлығын дерлік атқарды.
Бейнекамералардың бірінен полицейлер күдіктіні анықтап, оның ізіне түсті.
Нәтижесінде Келес АПБ-нің қызметкерлері «ізін суытпай» күдіктіні құрықтады. Ұсталған азамат бұрын сотты болған, Түркістан облысы Жетісай қаласының тұрғыны екендігі анықталды. Күдіктіден тексеру барысында полицейлер ұрланған бағалы бұйымдардың бір бөлігін тәркіледі. Ал қалған ұрланған заттарды ол ақшаға айналдырып, өз қажетіне жаратып жіберген. Айғақты зат ретінде тәркіленген бағалы бұйымдар заңды иесіне қайтарылды.
Қазіргі таңда бөтеннің мүлкін ұрлау жайтына қатысты сотқа дейінгі тексеру амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауда. Полицейлер оның басқа да жайттарға қатысы бар-жоқтығын анықтау үстінде.