«Shymkent Pop up Store» фэшн-фестивалі өтіп жатыр

644

Шымкент үш күннен бері сән орталығына айналды.ТМД елдері мен еліміздің түкпір-түкпірінен келген дизайнерлер өздерінің үздік туындыларын ұсынды. Эксклюзивті көйлектер мен костюмдер, сырт киімдердің түр-түрі, әсем әшекейлер де осында. «Shymkent Pop up Store» сән фестивалі шаһардағы ойын сауық орталықтарының бірінде өтіп жатыр.

Мереке қарсаңында сән фестивалі қыза түсті. Отандық және шетелдік сәнгерлер ұсынған эксклюзивті киім үлгілері мен аксессуарлар келгендердің қызығушылығын арттыруда. Shymkent Pop up Store шарасы бас-аяғы 30 шақты дизайнердің басын қосты.

Алматылық дизайнердің дүниелері ерекше көзге түседі. Мұндағы кешкі көйлектерді қыз-келіншектер таласа тармаса сатып алып жатыр. Олардың орташа бағасы 100 мың теңгенің төңірегінде. Ал бұл сәнгер бағаны шымкенттік клиенттердің қалтасына қолайлы етіпті. Қысқы-күзгі пальтоларды мұнда жеңілдікпен сатып алуға болады.

Ұлттық нақыштағы сән үлгілері қашан да сұранысқа ие. Бұл ретте шымкенттік сәнгерлер өзгелерге дес бермейді. Ғани Көбеев киім үлгілері мен әшекей заттарын осы стильмен көмкерген.

Әшекейлерге әуес әйелдер үшін көздің жауын алардай диадемалар мен сырға-сақиналардың түр-түрі әкелінген. Фэшн-фестиваль осымен Шымкентте 8 -ші рет ұйымдастырылып отыр. Сәнқойлар үш күн бойына дизайнерлік үлгідегі дүниелерге өз таңдауын жасай алады.