«Ауыл — ел бесігі» жобасы 5,5 млн адам тұратын елді мекендерді жаңғыртады

291
фото Stan.kz

«Ауыл — ел бесігі» жобасы 5,5 млн адам тұратын әлеуетті ауылдарды жаңғыртуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Урбанизация — соңғы 10 жылдағы әлемдік мегатрендтердің бірі. Қазақстан да бұл үрдістен тыс қалмады. Жыл сайын халықтың өсуімен бірге, қала халқының үлесі артуда. Басқарылатын урбаницазия тиімді түрде әлеуметтік-экономикалық прогреске және халықтың табысын арттыруға ықпал етеді. Соңғы 7 жылдың ішінде қалалардағы тұрғындардың саны 10 млн 700 мың адамға жетті. Ауыл халқының саны 3,5 пайызға азайды. Қазіргі таңда республикадағы 6,5 ауылдық елді мекенде 7,7 млн адам немесе елдегі халықтың шамамен 42 пайызы тұрады. «Ауыл — ел бесігі» жобасының 2025 жылға дейін жүзеге асыру — 5,5 млн адам тұрып жатқан даму әлеуеті жоғары елді мекендерді жаңғыртуға мүмкіндік береді», — деді Жеңіс Қасымбек Үкімет отырысында.

Үкімет басшысының орынбасары атап өткендей, 7 жыл ішінде басқарылатын урбанизация үлестері арқылы жоба бойынша 2025 жылға дейін 6,1 млн адамға жететін тірек ауылдардағы жайлы өмір сүру ортасын құру күтілуде. Еске сала кетсек, бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек «Ауыл — ел бесігі» жобасын іске асыру жұмыстары басталғанын жария етіп, жобаны жүзеге асырудың тәсілдерін атаған болатын.

Өз кезегінде ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жауапты министрліктер мен өңір әкімдіктеріне ауылдарды тиімді жаңғыртуды қамтамасыз етіп, жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруды тапсырған болатын.