ҚР Ұлттық ұланының Шымкент қаласында орналасқан 6506 әскери бөлімінде 1995 жылдың 7-сәуірінде тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан жауынгерлерді еске алу іс-шарасы өтті. Басқосуға 6506 әскери бөлімінің басшылығы мен жеке құрам сарбаздары және әскери бөлімнен аттанып, 1997 жылдың 7 сәуірінде тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан старшина Қалмахан Бақбаевтың анасы – Ұрқия Бақбаева және әскери бөлім жанындағы «Жас бүркіт» клубының мүшелері қатысты.
Еске алу шарасын өткізудегі көзделген мақсат – кейінгі толқын жас буын өкілдерін әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу болып табылады. «Ерлік ешқашан ұмыт қалмайды» деген қанатты сөзге негізделе отырып ұйымдастырылған шарада 6506 әскери бөлімінің командирі полковник Қайрат Үмбетов сөз сөйлеп, Отан тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін күзетіп жүрген ұландық жауынгерлердің рухын оятуда мұндай іс-шаралар зор маңызға ие екендігін айтты.
Сонымен қатар, жиын барысында Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының басшылығы мен әскери бөлім командирінің арнайы бұйрығы негізінде бірқатар әскерилер мен әскери ардагерлер марапатқа ие болды.
Сондай-ақ, он перзент сүйіп «Батыр Ана» атанған Ұрқия Бақбаева бесінші ұлы старшина Қалмахан Бақбаев туралы өз естеліктерімен бөлісті. Әскери бөлімнен аттанып, Отан алдындағы перзенттік парызын өтеп жүріп мерт болған жас жауынгер Қалмахан Сұлтанұлын қаруластары мен бірге қызмет еткен замандастары ешқашан ұмыт қалдырған емес. Әскери бөлім жанындағы Ардагерлер кеңесі мен әскери бөлім басшылығы да жас жауынгердің анасы Ұрқия ананың қал-жайын біліп, қажет кезінде материалдық қолдау, көмек көрсетіп отырады. Мысалы, өткен жылы Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының қолдауымен тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің отбасы, ата-анасы, бауырларына қаржылай көмек көрсету де қалыптасқан дәстүрге айналған.
6506 әскери бөлімінің офицерлері мен Ардагерлер кеңесінің мүшелері күні кеше ғана старшина Қ.Бақбаевтың үйінде болып, оның анасымен бірге қабір басына барды. Маңайын тазалап, күтіп жасап қайтты. Сол сияқты 6506 әскери бөлімінің ұжымы «Абай» саябағында 2015 жылы ашылған тәжік-ауған шекарасында қайтыс болған жауынгерлерге арналған монументтің де күтімін жасап келеді.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1993 жылғы 15 сәуірдегі «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының тәжік-ауған учаскесіндегі сыртқы шекарасын қорғауды күшейту туралы» Қаулысына сәйкес Ішкі әскердің, бүгінгі Ұлттық ұланның әскери қызметшілері 1993 жылдың маусымынан 1999 жылдың тамызына дейін тәжік-ауған шекарасын күзетуге қатысты. Осы жылдары екі мыңнан астам сарбаздармен сардарлар жауынгерлік тапсырманы орындады. 1995 жылдың 7 сәуірі – әскер тарихына өшпес із қалдырған өлшеусіз ерліктің күні болып саналады. Дәл осы күні тұтқиылдан тап берген жаумен Ішкі әскердің жеке ротасының жауынгерлері шайқасып жатты.
Қазақстандық жауынгерлерден бұндай қайсарлық пен батылдықты күтпеген моджахедтер кері шегінді. Алайда, тарпа бас салған жаумен болған қанды ұрыста Ішкі әскердің 17 жауынгері қаза болды. Олар қыршын кетсе де, ақтық демі қалғанша арпалысты.
Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 20 қазанындағы №3227 Жарлығымен ТМД елдерінің сыртқы шекарасын күзетуде көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен 5 адам және 12 адам «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен (қайтыс болған соң) марапатталды.
Елімізде, Ұлттық ұланның барлық құрамалары, бөлімдері мен бөліністерінде жылсайын 7 сәуір – тәжік-ауған шекарасында 1995 жылы ерлікпен қаза болған Ішкі әскердің 17 жауынгерін Еске Алу Күні – Ерлік Күні болып саналады. Бүгінде Тәжікстанның Пшихавр шатқалында әскердің ерлікке толы күндерін еске түсіретін тақтайша орнатылған. Ішкі әскердің ерен ерлігіне арналған «Тағзым» – «Память» және «Ішкі әскер: Дәстүрге адалдық» кітаптары шығарылды, («Митрафильм ТПО» ЖШС) қоюшы-режиссер Рустам Одинаев «Казбат» деректі фильмін түсірді. Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының қолдауымен 17 жауынгердің қаза тапқанына 20 жыл толуына орай «Ерлікке тағзым» жаңа кітабы жарыққа шыққан.