Кассада билет жоқ, алыпсатарда бар…

328

Билет кассада жоқ, алыпсатарда бар… Темір жол вокзалы маңында сыбайлас жемқорлық өршіп тұр. Билет құнын қолдан қымбаттатып, халықтың қалтасын қаққан пысықайларды айласын жемқорлықпен күресушілер оңай әшкереледі.

Жауаптылар жол серіктердің қызметін көріп, әбден тозығы жеткен төсек-жабдықтарының жайына дейін тексеріп шыққан. Темір жолдағы түйіткілдер туралы  тарқатсақ…

Бұл құпия клиент. Кассадан билет таппаған оған алыпсатар көмекке келді. Билет таппаған жолаушының шаруасы бір қоңыраумен шешілді.

Осылайша рахметінен бөлек билет бағасын қолдан қымбаттатын алыпсатарлар темір жол маңында алшаң басып жүр. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен қолға алынған акция кезінде осындай пысықайлар тұзаққа өздері келіп түседі.

Төлеген Байғұлов, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі медиа-орталығының төрағасы: «Адал жол» акциясы кезінде жолсеріктердің де жұмысын көрдік. Жасырын сатып алушы болып жүк салуға өтініш жасап, олардың да жемқорлыққа әсерін байқадық. Темір жолда түрлі жағдайларға қатысты 25 факт тіркелді. Осындай шаралардан кейін 6 жағдайға азайды».

«Жаудың сырттан келмейтінін» ескерткен жауаптылар пара алуға емес қызметтің сапасын арттыруға көңіл бөлетін кез келді дейді. Агенттік өкілдерінің пойыздардағы әбден тоз-тозы шыққан төсек жабдықтарға да көңілі толмайды. Жолаушыларға тіпті сабын, әжетхана қағазы сияқты қажеттіліктер де берілмейді екен. Кей келеңсіздіктерді теміржолшылар да жоққа шығармады.

Әсет Нұрманов, «Қазақстан темір жолы» АҚ менеджері: «Халық өз құқын білуі керек. Талап ете білуі керек. Мұндай жағдайлардың бірнеше себептері бар. Азаматтар басқа жол іздемей сапалы қызметті талап ете білсе, шешіледі».

Темір жол маңындағы түрлі «бармақ басты көз қысты» әрекеттерге қаныққан агенттік қызметкерлері алдағы уақытта қайтарылатын билеттердің құнын төлеуге қатысты да бірқатар ұсыныс әзірлеп отыр.

Мақпал Рысбаева