«Ұлттық ұстанымдарды қамырша илеп халыққа ұсынып жүрміз»

417

Майра Ормолдаева, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің Педагогика және мәдениет факультетінің театр және эстрадалық шығармашылық кафедрасының аға оқытуышысы:

Бүгінде күнгейде өткізіліп жүрген түрлі тойларда қазақы салт-дәстүрімізді дәріптеп, халықтың көңілінен шығып жүрсіз. Бесік той, тұсау кесер, үйлену тойларына сценарийлер жазасыз. Өзіңіз асабалық қырынан да танылған жайыңыз бар…

— Тәуелсіздігімізді тәу еткеннен бастап салт-дәстүр, әдет ғұрыпты оқып, ары қарай дамыту жағы үнемі ойымда жүретін. 1989 жылы елімізде тұңғыш рет наурыз тойланды Алматыда. Сол наурыз мерекесінде үлкен толқыныста болдым. «Қазақ деген ел қандай, салт дәстүрі, ғұрпы қандай… Тұнып тұрған тәрбие ғой» деген ой маза бермейтін. Сол кезден бастап әдебиетті ақтара бастадым. Оқыған, тоқыған құндылықтарым көбейе берді…

Сарығаш ауданындағы кішкене ғана ауылға келін болып түстім. «Жігіттің сұлтаны», «Қыз сыны», «Келіндер байқауы», «Әжелер байқауын» өткізу ол кездері үлкен жаңалық болатын. Алматыда көргендерімді жаңғыртып, жаңаша сипатта түрлендіріп өткізе бастадым. Ең алғашқы баспалдағым содан басталды. Сол кезден бастап салт дәстүр, әдет ғұрыпты білмегенімізді ізденіп, оқып, көкірекке тоқып жарыққа шығара бастадым. Алғашқыда ұлттық киімдерді қайын сіңлілерім бар, ауылдағы келіндер бар бәріміз жабылып тігетінбіз.

Аудандық мәдениет үйінен аламыз, таппағанымызды қолдан тігеміз. Небір моншақ, жылтырақтарды түнімен тігіп шыққан кездеріміз де болды. Ол кезде ұлттық киім жоқтың қасы болатын. Алғашқы қызметімді аудандық мәдениет үйінде методист болып бастадым. Аудан көлемінде мәдениет саласындағы ұлттық бағыттағы жұмыстарым басталып кетті. Сарыағаш шекаралық аудан болған соң іс — шараның бәрі жоғары деңгейде өтетін, талап сондай болды.

Бірде мені бір кісі арнайы іздеп келіпті. Жасаған дүниелерімізді ұнатып жүреді екен. Қыз ұзату тойына шығуға ұсыныс жасады. Осылайша алғаш рет қыз ұзатуға сценарий жаздым. 2002 жылы ҚызЖібек деген қызды ұзаттық. Сол 2002 жылдан бастап ойламаған жерден халықтың сұранысы бойынша өзімнен- өзім асаба болып кеткенімді байқамай да қалдым ғой. Дәстүрдің арқасында. Қазір 20 жылға жуықтап қалды…
Қазақтың тойының көркін ашатын дәстүрлік рәсімдер жетеді ғой. Тұсау кесу, сүндет той, беташар, бесік той… жалғаса береді. Ұлттық дәстүріміз үйлесімін тауып тұрса, қандай керемет. Үйлену тойында қазақы салт бойынша ағарған беру, бал ішкізудің терең мәні бар. «Қыз Жібектің» киносында көрдік қой киіз үйге кіргенде аяғының астына терілер тастайды. Тері бақ-дәулеттің, ырыстың, құттың, несібенің белгісі. Қазақтың ұлттық құндылықтарының алғы шарттарының бірі болып саналады. Сонымен жұмыс істей бастадым. 2010 жылы Шымкентте Неке сарайының ашылу салтанатына Елбасы келді. Елбасының алдында осы дәстүрді көрсеттім. Алдыменен жастардың заманауи некесін қиды. Екіншісінде қазақи тұрғыда, салт дәстүрмен өткіздік. Осы шараны көрсетіп Елбасының батасын алдық.

Бұдан кейін баланы бесікке салу тойына салт — дәстүрді насихаттап, сценарий жаза бастадым. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бар. Міне осы сөзді, философиялық ұғымды негізге ала отырып, дөңгелек жасап, іңгәлаған баланың дауысымен, кішкене қыз бесік тербетеді. Қазақ қыз баласын кішкенесінен ұлттың анасы болуға тәрбиеледі дегенді негізге алып, келінді алып келеміз. Осы көріністің арқауы болған дәстүр көптің көңілінен шықты. Қазір бесік тойға жиі шақыратын болды.

Қазақтың дәстүрін қазақ қана дәріптейді. Ұлттық киімі де тек қазаққа ғана керек. «Абылайдай айдарлы хан тербеткен бұл бесік, Бөгенбайдай айбарлы жан тербеткен бұл бесік» деп бала дүниеге келгеннен бастап, тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұрыптық рәсімдерінің барлығы көрініс табады. Қазақ халқы тасқа басылмаған дала заңымен, яғни табиғаттың заңымен өмір сүреміз. Соны ұмытпаса деген тілегім бар. Елбасымыз айтқандай, темірді қамырша илеген, ағаштан түйін түйген, киізді кестелеген ұлы дана бабаларымыздың өмірлік ұстанымдарын қамырша илеп халыққа ұсынып жүрген жайымыз бар.

Тойлар түрліше өтіп жатады. Көңіліңізден шықпайтындарын айтып өтсеңіз…

— Бізде кейбір әдемі дәстүрлермізді көңілімізден шығатындай етіп ұсына алмайды. Сөйтіп құндылығын жойып аламыз. Адамдар одан шаршайды. Дамыған заманда жастар өздеріне ұнайтын әдет, дәстүрлерді көргісі келеді. Соны жапсырып алатын жаман әдетіміз бар. Мәселен, ұзатылып бара жатқан қыздың әкесімен вальс билеуі. Мұндай салт қазақтың дәстүрінде жоқ. Қыз бен жігіттің арасында алтын көпір салушы кім? Әрине, жеңгелері. Мұның барлығы да жеңгелердің де, қайынсіңлілердің де ең басты міндеттерінің ұмытылып бара жатқандығынан болар. Жеңгелеріміз жақсы тәрбие көрсете алмай жатыр ма? Әлде басқалай себебі бар ма? Әйтеуір басқа ұлттың дәстүрлері кірігіп кетеді. Жақсысын аламыз ғой. Баланың тұсауын кескенде қамшы, кітап, ақша қойып жүрміз. Қайсысын таңдайды деп. Бұл кәріс ұлтының салты. Ғұмырларында үш ақ рет той жасайды. Таңертең үстелдің үстіне түрлі заттарды күрек, қалам, бәрін қояды. Қайсысын таңдайды деп аңдиды. Күрек алса пиязшы болады деп қуанады екен. Бізде осыны алдық. Аздап қазақыландырдық. Қамшы, кітап қойып. Көпұлтты мемлекет болғандықтан ол да дұрыс шығар.

Бүгінде тұсауды әйел адам кеспейді деп түрліше пікір білдіріп жүргендер жетерлік. Қостайсыз ба?

— Тұсау кесетін адамды үш бөлікке бөлеміз. Біріншісі 25 — ке толмаған қылшылдаған жас. Қоғамда еңбек етіп жүрген азамат, ең басты талап — ол адам сүріншек, жайбасар болмауы керек. Өмірде өз орнын тапқан болуы, ширақ болуы керек. Сондай адамға баланың тұсауын алдынан кестірген. Себебі алдынан жүріп өмірді көрсетемін деген мағынада. Егер Пайғамбар жасына жеткен адам болса ол орта жастағы адам болып есептеледі. Баланы қамқорлығыма, қанатымның астына аламын, бұдан кейінгі өміріне жауап беремін деп тұсауды жанынан отырып кескен екен. Егер асарын асап, жасарын жасап, бір ғасырға жуық жасаған адам кесетін болса, баланы алдынан да, жанынан да кестірмеген. Өйткені ол бір аяғы келместің кемесінде тұрған адам. О кісіге тұсауын артынан кестірген. Алдыға жүгіртіп жіберіп батасын берген. Әйел кеспеуі керек деп емес, осы үш белеске бөлуіміз керек.

Ұлттық салт дәстүрімізді дәріптеуші Зейнеп Ахметованың кітаптарын бағдарға аласыз ба?

— Әрине, бағдарға аламын. О кісінің кітаптарын оқып, көңіліме тоқығандарын аламын. Білім саласындағы ұстазым, профессор Нәсіпханым Камалова болатын. Со кісі қанатының астына алып талай нәрсені үйретті. О кісінің айтқандарын мен іске асырушы маман ретінде танылдым. З. Ахметованың «қайшымен кесуге болмайды, өмірі қайшыланып кетеді» дегенін Нәсіпханым апам құптамайтын. «Қолымдағы қайшының оң қанатын Қаратауға жаныдым, сол қанатын Алатауға жаныдым» дейтін тұсау кескенде. Осы уақытқа дейін талай адамның тұсауын қайшымен кесті ғой. Өмірі қайшыланып кетсе талай адамдікі қайшыланып кетер еді ғой… Білмеген шығармыз. Бәрі адамның ниетіне байланысты. Таным, түсінігімізге байланысты. Зейнеп Ахметова апамыздың салт дәстүрге қатысты көптеген дүниелерін іске асырамын. Кетіп бара жатқан қыз тұрмысқа шыққанға дейін үкілі бөрік киіп жүрген. Ал келін болғанда кимешек киеді, қасаба киеді. Кетіп бара жатқанда басындағы үкісін қасындағы қыздарға бөліп берген екен. Осы дүниені Зейнеп апамнан оқыдым. Бүгінде осы дәстүрді дәріптеп жүрген жәйіміз бар. Құнары мен құндылығы көп салт дәстүрімізді халықтың санасына сіңіру маман ретінде біздің басты мақсатымыздың бірі.

Торт жегізу, гүл лақтыру сынды шетелдік дәстүрлерді тойларымыздан түре қуып шыға аламыз ба?

— Торт жегізу 5-6 жылдан бері тоқтады. Кезінде облысымыздың бас идеологы болған Әли Бектаев сонау бір жылдары тойда жүрген, той басқарып жүрген, видеоға түсіретіндерге дейін жинап жиын өткізген болатын. «Халықтың арасында сіздер жүрсіздер, дұрыс насихат жүргізіңіздер. Тойда келін қайынатасының аузына торт тықпалауы қаншалықты дұрыс деп» ойлайсыздар деген болатын. Содан торт мәселесі тоқтады. Қалыңдықтың артына гүл лақтыруы да өзге ұлттан келген. Оның орнына үш зат — алма, кәмпит, орамал үш затты лақтырайықшы орамал кімге тисе жақында тұрмысқа шығасыз деген, кәмпит қадамыңыз тәтті, алма өмірлік жарыңыз жақсы болады деген мағынада.

Ұлттық киімдерді қара түстен тігіп, киіп шыққанды құптайсыз ба? Жалпы қазақы ұғымға сайсақ қара түс қайғының, уайымның түсі деп жатады…

Сахнаның, орынның жарығына байланысты, үйлесімділіке байланысты. Жарық залда қара, көк түстер жарасып тұрады. Біз қара киімді қай кезде кимеуіміз керек дегенге келейікші. Келінді қолтықтап тұратын екі келін қара киім кимеуі керек. Сәлем салатын беташар тойда бастары жалаңбас, тізеден жоғары қара киім киетін жеңгелеріне ұрсатын болдым. Содан мен қолтық сүйейтін екі келінге де киім алып қойдым. Оқтауды ұстайтын балаға дейін киім таңдаймын…

Жол көрсететін кімдер – біздер, мамандармыз. Сондықтан да барынша салт дәстүрімізді басты ұстын етуге тиіспіз. Ғасырлар бойы халықпен бірге жасасып келе жатқан ұлттық құндылық ешуақытта да құнын жоймайды.

Гүлжан Көшерова