Төтенше жағдайға қарамастан беташар той жасаған тұрғын жауапқа тартылды

2217

 

Қазақстанда төтенше жағдай режимі 16-наурыздан бастап 15-сәуірге дейін енгізілгені барлығына дерлік белгілі. Десекте тұрғындар тарапынан әлі де болса мұны сезінбей, біршама адамның басын қосып той жасау жайттары орын алуда.

Осыған орай, Түркістан облысы Полиция департаментінің жеке құрамы күшейтілген режимде қызмет жасауда. Яғни, күндізгі және түнгі рейдтік жұмыстарды жүргізіп, қандай да адам көп жиналатын басқосулар, той-жиындар, іс-шараларды өткізуге тыйым салып, қауіпсіздік шараларын қадағалауда.

Осындай кезекті рейд барысында Мақтаарал ауданы Жаңаауыл әкімшілігіне қарасты ауылдардың бірінде тұрғын-үйінің ауласында келін түсіріп, беташар тойын жасап, туыстарын жинаған тұрғын анықталды.

«Қазақстан Республикасы Президентінің 15.03.2020 жылғы Жарлығының талаптарын өрескел бұзған аталмыш тұрғынға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 476-бабы “Төтенше жағдай режимiн бұзу“ бойынша хаттама түзіліп, аудандық соттың қаулысымен кінәлі деп танылып, айыппұл салды.

Түркістан облысы полицейлері ойын-сауық, сауда орталықтары мен кафе-бар, тойхана иелеріне ескертеді: төтенше жағдай кезінде заң талаптарына сәйкес әрекет етіп, мүмкіндігінше көп адам шоғырлануына жол бермеңіздер. Бұл өзіңіздің де, өзгелердің де денсаулықтарыңыз үшін дұрыс болмақ.