Ордабасы ауданында көктемгі дала жұмыстарына дайындық пысықталды

616

Түркістан облысы Орталық Коммуникациялар Қызметінің арнайы көшпелі алаңында биылғы егіс науқанын бастауға арналған баспасөз конференциясы өтті.

Баспасөз конференциясы егістік алқабында өтті

Өңірдегі БАҚ тілшілері Ордабасы ауданындағы егістік алқабында министрлік, қаржы ұйымдары өкілдері мен Оңтүстік өңірінің ауыл шауашылығы басқармасы басшысынан салаға қатысты сұрақтарына толыққанды жауап алды.

Көктемгі дала жұмыстарына дайындық, тұқыммен қамтылу сияқты мәселелер төңірегінде әңгіме өрбіді. Дала жұмыстарын жүргізу үшін техника сақадай сайланған. Атап айтсақ, 18 мың трактор, 3 мыңға жуық культиватор, 1800 тұқым сепкіш, 13 мыңға жуық бірлік соқалар дайындалған. Оларды жүргізуге жеңілдетілген жанар-жағармай да бөлінген. АШМ өкілі сұйық отыннан ешқандай мәселе туындамайды деп сендірді.

Ақпар Мәуленов ҚР АШМ департамент директорының орынбасары: «380 мың тонна дизель отыны бөлінді. Былтыр 375 мың тонна бөлінген болатын. Егіс алқаптарының ұлғаюын ескере отырып, өңірлерге қосымша 5,0 мың тонна дизель отыны бөлінді. Энергетика министрлігі бағасын да белгіледі-160 теңге литріне немесе тоннасы 193 мың теңге. Өңірлердегі орташа баға 176 теңге. Бұл нарықтық бағадан 10 пайызға арзан».

Мұндай жеңілдетілген жанар-жағармайдан түркістандық шаруалар да құр қалмайды. Қазір қажетті тоннасы келіп, аудандарға бөлініп жатқанға ұқсайды.

Нұрбек Бадырақов, Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы: «Түркістан облысында  ЖЖМ  167 теңгеден боастылуда.  Оператор арқылы әр аудан өзінің үлесін алуда. ЖЖМ әр айға бөлінген…».

Биыл ел бойынша 22 млн. гектардай жер жыртылады. Мамандар майлы, жарма, дәнді-жемдік дақылдарды егуге көптеп көңіл бөлінгенін айтты. Айта өтейік, Түркістан облысында ауыл шрауашылығы дақылдарының егістік алқабы 824 мың га құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мың гектарға артық. Жер игерген ағайын, ақ алтынды егу де рекорд жасап келеді. Биыл олардың қатарына «Рамазан -Агро» шаруашылығы қосылады.

Батырбек Мейірхан, шаруашылықтың төрағасы: «706 гектардың 463 гектарына Түркиядан жеткізілген тұқымды ектік. Өнімділігі жоғары біздің тұқымдардан төрт есе артық өнім береді».

Көктемгі жұмыс қарқын алғанда, алқапта арнайы есеп беруді әдеттке айналдырған жауапты министрлік өкілдері шаруаларға жасалған жағдаймен де таныстырды. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан субсидия көлемін де көлеңкесіз айтып берді. Ал тілшілер қауымы, сол жеңілдіктен қағылып отырғандардың жайын жеткізді.

Тілшілер тарапынан қойылған «Кепілдікке мүлігі жоқтар не істейді? Оларға қаржылай көмек көрсету қалай жүзеге асады?» деген сұрағына мамандар «Ұсақ шаруашылықтар бірігуі тиіс» деп жауап берді.

Мол астық алуды көздегендердің алғашқы жоспары осы. Көктемгі жұмыстың нәтижесін күзде санайды. Әзірге, егістік жұмыстары әрбір шаруашылыққа  тиянақты атқаруы ғана міндеттелді.

Шынар Оразова