Шымкент қалалық мемлекеттік сатып алу басқармасы құрылды

581

Бүгін Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс 48 сессиясы өтті. Күн тәртібінде бес мәселе қаралды.

Депутаттардың қарауына ұсынылған мәселелердің барлығы да бірауыздан қолдау тапты. Қалалық мәслихаттың «Шымкент қаласының басқару схемасы» туралы шешіміне өзгеріс енгізілді. Қала әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов халық қалаулыларының назарына мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастыратын басқарма құруды ұсынды. Депутаттардың қолдауымен аталған ұсыныс бірауыздан қабылданып, Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы құрылды. Жаңа басқармамен қосқанда енді қала әкімдігінде басқармалар саны 23 болды.

“Алдағы уақытта барлық мемлекеттік сатып алу жұмыстарын осы басқарма жүзеге асыратын болады. Білікті мамандар сапалы жұмыс атқаратынына сенім мол» деп атап өтті қала әкімі.

Мәслихат сессиясына қала әкімі Ғ.Әбдірахымов, мәслихат хатшысы Ғ.Ташқараев, қала депутаттары мен басқарма басшылары, аудан әкімдері қатысты. Аталған мемлекеттік мекемесінің негізгі мақсаты: бюджеттік бағдарламалар немесе тауарлар, жұмыстар, қызметтер бойынша бірыңғай мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру мен өткізу болып табылады. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу үшін пайдаланылатын қаржылардың ұтымды және тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету.

Сондай-ақ, алдағы уақытта қалабасы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының қаланың дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді. Сонымен қатар, Ғабидолла Әбдірахымов биыл Еңбекшi ауданындағы барлық балалар алаңшасы толық жаңартылатынын тілге тиек етті.