Шымкентке Мәскеудің «Пілдер циркі» гастролмен келді

280

Ерекше көріністерге толы шоу. Цирк майталмандары, акробаттар мен гимнастшылардың өнері. Ең бастысы, цирк әулетінің төртінші ұрпағы Андрей Дементьев-Корнилов баулыған әртістер – үнді пілдері. Шымкентке гастрольдік сапармен келген Мәскеудің «Пілдер циркі» көрермендерге авторлық музыка, керемет костюмдер және ұмытылмас шоу ұсынады.

Үш алып үнді пілінің үйлесімі көрген жанды таң-тамаша етеді. Ең үлкенінің жасы 65-те. Саванна мекендеушілері пирамида жасап, би билеп, шар үстінде отырып, тіпті музыкалық аспапта да ойнайды. Тіпті допты шиырып, шығыршықты шыр айналдырады. Олардың жасаған кейбір трюктері “Гиннестің рекордтар кітабына” енгізілген. Мұның барлығы да төрт атадан бері аң үйретіп келе жатқан Андрей Дементьев-Корниловтың еңбегі.

Андрей Дементьев-Корнилов, аң үйретуші: “Пілдер өте ақылды жануар. Олармен оңай тіл табысуға болады. Сондықтан да жаттығуды тез меңгеріп, жылдам үйренеді. Ең қиыны – олардың күтімі және тасымалы. Температуралық режимі қатаң сақталуы керек. Пілдер жылусүйгіш жануар болғандықтан да әрдайым жылы ортада ұсталады».

Міне, «Оңтүстік цирк» аренасына мәскеулік «Пілдер циркінің» әртістері шықты. Кордебалет, ауа гимнасттары, және танымал жұлдыздар – үнді пілдері. Басты дайындықтың барысын онға жуық адам қадағалайды. Жарық және дыбыс, құрал-жабдықтардың алдағы қойылымға дайындығы тексеріледі. Бас режиссер әртістерге тиісті нұсқаулар береді. Мұның барлығы шымкенттіктердің таңғажайып цирк өнерінен шынайы ләззат алуына арналады.

Владислав Ким, «Пілдер циркі» шоуының жүргізушісі: “Шымкенттің циркі өте камералы әрі жайлы екен. Жатырқап жатқанымыз жоқ. Мұндағы дыбыстың Астанадағы басқа цирктен де жақсы екен. Осында келерде қалай болар екен деп уайымдадық. Бірақ, бізді өте жылы қабылдады. Шоу соңында «Рахмет, Шымкент», деп айтқым келеді”.

10 жасар Марго Шымкент көшелерімен кербездене жүріп барады. Мұндайды көрмеген қалалықтардың таңырқай күлімдеген жүздері байқалады. Ал алып жануардың айналадағы жұртта аса шаруасы жоқ. Серуенінен ләззат алып, көше бойындағы ағаштармен ойнап, банан жеп барады.

Таңғажайып шоу барлық жастағы көрерменге ұнары сөзсіз. «Пілдер циркі» Шымкентте 5 – мамырға дейін болады. Билеттерді «Оңтүстік Цирк» кассасынан ала аласыз.

Анықтама үшін Тел: 30-12-62, 7(705) 411 27 15