Жетісайлық диқандар қырыққабаттың алғашқы өнімін Мәскеуге экспорттады

89

Тұрғындарының табысы ауыл шаруашылығы саласымен тікелей байланысты Жетісай ауданында 79,3 мың гектар суармалы жер болса, өткен жылы оның 48 мың гектарына мақта, 20,2 мың гектарына картоп, бақша, көкөністер, 4,9 мың гектарына көп жылдық мал азығы мен басқа да дақылдар егілген. Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу жобасы 1,1 мың гектар жерге енгізілген.

Аудан дихандары өткен жылы 1 мың гектардан астам жерге қырыққабат дақылын егіп, 31,5 мың тонна өнім алған. Былтырғы жылы да жаһандық қиын жағдайларға қарамастан Жетісайдың қырыққабаттары Ресей мен Белоруссия, Еуропа елдерінде сатылған.

Биылғы жылы ауа-райының қолайсыздығы мен бірнеше күн толассыз жауған жауынның салдарынан 900 гектар жерге қырыққабаттың Зарисма, Валикор, Магнус, Кевин Фарао, Пекинский, Ринда, Заказ сынды сорттарының көшеттерін отырғызған. Алдын ала жасалған болжам бойынша 900 гектардан 30 мың тонна өнім алу жоспарлануда.

Жетісай ауданына қарасты Ынтымақ ауылдық округінде орналасқан «Комилжон» шаруа қожалығы жылдағы әдеті бойынша ақпан айында қырыққабат егіп, алғашқы өнімін Ресейге экспорттауда.

Шаруа қожалық төрағасы Комилжон Дадаевтың айтуынша 12 гектар егістікке орамжапырақтың ерте пісетін «Пекин», «Магнус» және «Зарисма» сорттары егілген. Оның 2 гектарына егілген 48-50 күнде пісетін «Пекин» сорты бүгін алғашқы өнімін беріп отыр. 2 гектарға егілген 80 мың түптен алынған 80 тонна өнім бүгін Мәскеу қаласына жіберіліп отыр.

«Өткен жылы да шаруаларымыздың еңбегі ақталып, ерте піскен қырыққабат өнімдерін Ресей, Белоруссия және Еуропа елдеріне экспорттаған болатын.
Биылғы жылы да дихандардың маңдай тері мен үміті ақталып, қырыққабат шекара асады деген үміттеміз» дейді аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы Нұртас Тұрсынбеков.

Айта кетейік, биылғы жылы көршілес елдерде орын алған саяси ахуалдарға байланысты Батыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарынан арнайы делегациялар келіп, жетісайлық қырыққабаттарға қызығушылық білдірген болатын. Өнім сапасы мен бағасы талқыланып, тиісті жұмыстар атқарылған.