Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде «Облыстағы су тасқыны жағдайы» тақырыбында баспасөз-мәслихаты өткізілді. Спикер болып Түркістан облысы ТЖ департаментінің бастығы азаматтық қорғау полковнигі Н.С.Жүнісов сөз сөйледі.
Қазіргі таңда облыс аумағында су тасқыны жағдайы бір қалыпты, тұрақты бақылауда.
Көктемгі болуы мүмкін су тасқынының алдын алу мақсатында облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссиясының отырысы 2 рет өткізіліп , нақты тапсырмалар берілді.
Облыс аумағында тасқынға қарсы іс-шаралар 2017 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің нұсқауымен бекітілген өңірлердегі «Су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған іс-шаралар кешені» Жол картасы негізінде жүзеге асырылуда.
Жоспарланған іс-шаралар мерзімінде іске асырылуы қатаң бақылауға алынған.
Сондай-ақ, су қоймалары мен өзендердің су режиміне күнделікті мониторинг жүргізілуде. Жалпы облыс бойынша су қоймаларының орташа толуы 55-60%-ды құрайды. Тасқын суларды қабылдауға жеткілікті қорлары бар, ал өзендердегі судың өтуі орта деңгейден төмен.
Облыс аумағында су тасқыны жағдайы Сырдария бассейіндік өзенімен тікелей байланысты болғандықтан қатаң бақылауға алынған. Бүгінгі таңда өзеннің арнасында судың ағысы қалыпты, жағалаудағы елді мекендерге қауіп жоқ.
Ал, таудағы жиналған қар қоры нормадан төмен, аумақтың жазық жерлерінде қар жоқ.
Көктемгі болуы мүмкін төтенше жағдайларға әрекет етуге күш пен құралдар әзірлікке келтірілген.