«Тұран» шағынауданында 5 көшенің құрылысы басталады

279

Бүгін белгілі болғанындай «Тұран» шағынауданында және 5 көшенің құрылысы басталады. Құрылысқа бюджеттен 5 млрд. 457 млн. теңге қаражат жұмсалады. Бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Алдағы жылы тақтайдай тегіс жолмен жүру қай қөшенің тұрғындарына бұйырмақ?

5 көшенің құрылысын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Алғашқы көшелердің құрылысы аяқталса, қоғамдық көлік қатынайтын болады. Әзірге бұл шағынауданда не ауызсу, не жарық, не көгілдір отын жоқ. Есесіне қоныстанушылардың қатары күн санап артып келеді. Жоспарға сәйкес мұнда 67 мың халық қоныстанады.

Бақыт Әбдікәрімов, қалалық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының бас маманы: «Бұл шағын ауданға барлығы 10 млрд. теңгеге коммуналдық жүйелер тартылады, бәрі жоспарланған. Кейбірінің жобалық-сметалық құжаты да дайын».

Күн құрғақта май топырақ, жауында батпаққа бататын «Тұран» шағынауданындағы көшелер былтыр жөнделе бастаған болатын. Шаһардағы кең көшелердің тізіміне енген бұл жолдарда жаяу жургінші, веложолдар мен жасыл желек қарастырылған. Сала мамандарының айтуынша, жоспарсыз салынған бірнеше баспана бұзылады.

Жұмағұл Тұрлыбаев, мердігер мекеменің өкілі: «Бұл жерде әлі 10 шақты үй бұзылады, мына үйлердің бәрі соның ішіне кіреді. Ал №7 жолда бір зауыт қызыл сызыққа кіріп кеткен. Көпшілігінің шарбақтары бұзылады, біз жобалаушыға бардық жасыл аумақты кішірейтейік деген едік, көнбеді».

Әкімдіктегілердің айтуынша, алдағы үш жылда шағынаудан көшелері толық асфальтталады. Тұрғындар үшін тіршілікке қажетті коммуналдық жүйелерді жүргізу үшін барлық жобалық-сметалық құжат әзірленіпті және кезеңімен қаражат бөлінеді дейді.

Нұрлан Күдерұлы