Шымкенттегі жаңа ауданға «Тұран» атауы берілді

368

Бүгін оңтүстік мегаполистегі бесінші ауданның атауы түпкілікті бекітілді. Жаңа аудан ерекше маңызды, тарихи «Тұран» атауына ие болады. Бұл туралы қала әкімі мен барлық басқарма басшылары, халық қалаулыларының қатысуымен өткен қалалық мәслихаттың сессиясында жарияланды.

Тұран – бұл атауға көпшілік дауыс берген. Тұраннан басқа жаңа ауданға Бадам, Яссы, Жібек жолы, Мартөбе және т.б. есімдерді беру жайында ұсыныстар болған екен. Қала тұрғындарының 63,5 пайызы, бұл жастар , ардагерлер кеңесі және Шымкент Азаматтық Альянсы қоғамдық тыңдауларында «Тұран» атауына дауыс беріпті

Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы: «Сіздерді құттықтаймын, жаңа аудан Тұран деп аталды. Қалаға және жалпы елге гүлдену тілеймін».

Жағымды жаңалықтар осымен біткен жоқ. Сессияның қарауында тағы бір шешім шықты. Ол- Шымкентті екі рет басқарған Анарбек Орманды «Құрмет» грамотасымен марапаттау. Депутаттар бұл бастаманы бірауыздан қолдады.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Баршаңызды жаңа ауданның атауы берілгендігімен құттықтаймын. Баршаңызға бейбітшілік пен денсаулық тілеймін. Бүгінгі сессияда көптеген маңызды мәселелер талқыланды, әрі қарай жұмыс істеуді жалғастырамыз».

Шымкент қаласы мәслихатының кезекті жиырмасыншы сессиясын түйіндеген қала басшысы, Мәслихат пен қала әкімдігінің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі жаңадан құрылған Тұран ауданының мәселесін бірлесіп шешу, оған бізде барлық мүмкіндіктер бар деді.

Шынар Оразова