«Тұлпар» шағынауданының тұрғындары шу шығарды

331

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы баспаналы болғандардың қуанышы су сепкендей басылып жатыр. «Тұлпар» шағынауданындағы үйлерге қоныстанғандар сапасы сын көтермейтінін айтып, шу шығарды. Несиесін 15-20 жыл өтейтіндер, жыл өтпей жатып жаңа үйдің сыр бергеніне наразы. Ашуға булыққан ағайын құрылысын жүргізген «Эристаль» мекемесінің басшыларын шақырып, өз талаптарын төтесінен қойды.

Үш және бас қабатты тұрғын үйлерден пәтер алған отбасылар айына 90 мың теңгеге дейін несие төлейді. Бірақ салынған үйлердің сапасы сын көтермейді деп шағымданады. Айтуларынша, абаттандырылды деген аулалардағы ойын элементтері жыл өтпей жатып қирап қалған. Егілген көкмайса мен тал дарақтарды күтіп ұстайтын мекеме жоқ. Баспана тұрғызған құрылысшылар әкімдіктің құзырына тапсырғанын айтып ақталса, жауапты басқармалар бір – біріне сілтеумен әлек.

Ал «Эристаль» мекемесінің өкілі болса, біз құрылыс бөліміне тапсырдық. Солар күтіп ұстауы керек. Ал ойын элементтеріне келсек, сынғанын жөндеп береміз, деп отыр.

«Тұлпардағы» мәселе мұныменен шектелмейді. №4 және №6 үйдің жертөлесі жиі суға толады екен. Өкініштісі сол, судың қайдан келетінін ешкім білмейді. Бүгін Қаратау ауданы әкімдігінен келген мамандар судан сынама алып, мәселені шешуге 10 күн уақыт сұрады.

Марат Тәжібаев: «Алынған қорытындыға сәйкес ол жерасты суы ма, әлде құбыр жарылып ауыз су ағып жатыр ма біліп алу керек. Содан кейін әрекет жасайды».

Су жаңа үйдің қасбеті де көңіл көншітпейді. Түрлі түсті бояумен сырланған қабырғалардың сылағы түсіп, сиқы бұзылған. «Екі жыл кепілдік мерзім бар» деп кекірейген мердігерлер көпшіліктің айқайынан кейін жөндеп беруге келісті.

Қайрат Керімбаев, «Эристайль» ЖШС-нің өкілі: «Біз бірінші мәрте осы материалды қолданған едік. Бірақ сапасыз болып шықты. Енді басқа материал қолданамыз».

Сансыз проблеманың ішіндегі күрделісі қатты тұрмыстық қалдықты тастайтын орын болып тұр. Дәл осыған келгенде тұрғындардың пікірі екіге бөлінді. Бірі алаңшаны қоршау сыртына шығарсын десе, енді бірі жобада көрсетілген орында тұрсын дейді.

Түрғындардың бірі «Біз ол алаңшаны әрең сыртқа шығардық, бір адам айтты деп қайта кіргіземіз бе қалай болғаны? Қоқыстың қордалануына тұрғындардың өздері кінәлі» дейді.

«Тұлпар» шағынауданы тұрғындарымен алғаш танысып, атбасын әрең бұрған Қаратау ауданы әкімдігінің мамандары көтерілген барлық мәселені бақылауда ұстайтынын және несиеге баспана алған тұрғындармен жиі кездесіп тұруға уәделерін беріп қайтты.

Нұрлан Күдерұлы