Бәйгеден Қазақстан чемпионатының іріктеу кезеңі өтті

51

Шымкентте бәйгеден ел чемпионатының іріктеу кезеңі өтті. Ұлттық ат спорты жарысына еліміздің түкпір-түкпірінен 65 өтініш түскен. Олар Құнан, Топ, Аламан бәйгеде өзара мықтыны анықтады. Ал жүлде қоры қандай болды? 

Топтан қара үзіп дара шыққан, шымкенттік шабандоз Абзал Қайсар Құнан бәйге жеңімпазы атанды. Ал ел чемпионы атанған жүйрік тұлпардың аты Шағала. 2 жарым млн. теңгені қанжығасына байлаған балақай жарысқа 2 жылдан бері тынымсыз дайындалғанын айтады. Ол бәйгеде бірінші келуінің сырымен де бөлісті.


Абзал Қайсар, жарыс жеңімпазы: «Бәйгеге шабу үшін тақымың мықты болу керек. Мен өзімнің жеңетініме сенімді болдым»

Ел чемпионатының іріктеу кезеңінде Құнан бәйге, Топ бәйге, Аламан бәйгеден мықтылар сараланды. Сайысқа еліміздің барлық өңірінен 65 өтініш келіп түскен. Олар 8, 14, 21 шақырым арақашықтықта өз бақтарын сынады. Ал қала басшысы мұндай жарыстардың Шымкентте өтуі ұлттық спорттың дамуына үлес қосатынын жеткізді.


Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Соңғы жылдары ұлттық спорттың дамығаны. Қазірдің өзінде ұлттық спорт үрлерімен 20 мыңнан аса спортшы шұғылданып келеді. Ол осындай ірі ғимараттардың нәтижесінде жүзеге асып жатыр»

Жарыстың бас бәйгесі Аламанда Қынар атты сәйгүлік жүзден жүйрік атанды. Ал шабандозы Исламнұр Ертөсі бәйгенің бас жүлдесі -5 000 000 теңгені иеленді. Ал ұйымдастырушылар ұлттық спорт түрлерін олимпиадалық деңгейге жеткізуді жоспарлап отыр.

Тастанбек Есенбеков, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті: «Бәйге біздің қазақтың спорт түрі. Бірде бір той бәйгесіз өтпеген. Ел президентінің тапсырмасына сәйкес ұлттық ат спорт түрлерін олимпиадалық деңгейге көтеру, екіншіден спорт даму концепциясын жазу үшін жұмыс істеліп жатыр»

Жарыс барысында көрермен назарына ұлттық костюмдер байқауы ұсынылды. Сонымен қатар, ат спортын дамыту мақсатында жамбы ату мен теңге ілуден де арнайы қойылымдар көрсетілді.