Шымкенттегі №1 аурухана бас дәрігері өзіне қатысты сынға жауап берді

48

Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасында неліктен шу шықты? Аурухана қызметкерлері әлеуметтік желіде бас дәрігерді айыптап, түрлі видео-жазбалар жүктей бастады. Олар бейнежазбада басшысының тым қатал екенін айтып шағымданған. Ал аурухананың бас дәрігері Абылай Донбай бұл сынға қалай жауап берді?

«Жұмыстың бәрін қаталдатып жіберді. Бүкіл жер камера. Камерадан қарап отырады. Медсестралар жоқ болып қалса, қайда деп бірден звондайды»,-делінген бейнежазбада.

Бұл Шымкент қалалық № 1 аурухана қызметкерлерінің үндеуі. Олар басшысының тым қатал екенін, әрі жұмыста ақша жинау көбейгенін айтып шағымданған. Сөздерінше, ауруханада шикілік көп.

Ал аурухананың бас дәрігері Абылай Донбайдың айтуынша, камера орнатылып ешкімнен ақша ала алмай қалған қызметкерлер осылай әрекет етіп жатқан көрінеді. Өйткені, бұған дейін ақ халататтылардың басым бөлігі сыбайлас жемқорлыққа еті үйреніп қалған. Сондықтан басшының қойған қатаң талабын қабылдай алмай жатыр дейді.

Абылай Донбай, Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының бас дәрігері:
«Әрине, өздерінің емін-еркін бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан, әбден жемқорлыққа үйреніп қалған қызметкерлерге өте ыңғайсыз. Енді Шымкентте әрі ағайын-туысқандар көп қой. Мен есітемін, «мен осындай дәрігерге осынша ақша бердім» деп айтып жатады. Қазіргі таңда ауруханада ағартушылық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Адалдық алаңының қызметкерлері де, өзім де әр жиналыста айтып отырамын. Ауруханада сыбайлас жемқорлықты тоқтату керек».

Әлеуметтік желіде тараған видеода медицина қызметкерлерінен химиялық зат үшін ақша жиналатыны айтылған. Бас дәрігер бұл ақпаратты растады. Алайда, ақшаны мен емес бөлім меңгерушілері алған дейді. Газет -журнал үшін әр бөлімнен 150 мың теңгеден жинап беретін көрінеді. Тіпті әр операция үшін ақша сұратып келген.

«Ауруханада 14 клиникалық бөлімше бар, әр жасалған операциядан 10 мың тегеден, наркоз үшін 5 мың теңгеден жиналып отырған. Осыған байланысты бөлімше меңгерушілеріне ескерту берілген. Аптасына біздің ауруханада 50-60 операция жасалады. Осы травматалогия қызметін көтеру мақсатында, Нұр-Сұлтан қаласынан екі қызмкерді жұмысқа алып, бұрынғы бөлім меңгерушісі жұмыстан шығарылған»,-дейді Абылай Донбай.

Абылай Донбай «бұл-бас дәрігер болғысы келетін әрі әділдік орнағанын қаламайтын азаматтардың қасақана жасаған әрекеті болуы мүмкін» дейді. Тіпті, сұқбат берген қызметкердің бірі бұған дейін «дәрі ұрлады» деген айыппен жұмыстан қуылған екен.

Әрі, бейнежазбада айтылған ақпараттар шындыққа жанаспайды дейді бас дәрігер. Сондай-ақ, ол ауруханада МРТ мен КТА-ға түсу тегін екенін ескертті. Егер қандай да бір қызметкер пациенттерден ақы сұраса, науқас жедел түрде жауапты мекемелерге арыздануы қажет.

«КТА, МРТ кабинеттерінің алдында қабылдау бөліміне келіп түскен барлық науқасқа КТ,  МРТ, ,рентген, УДЗ бәрін тегін жасалады деген тақтайша ілгенбіз. Егер сізден ақша сұраса адалдық алаңы 1424 нөміріне хабарласыңыз деп жазылған»,- дейді Абылай Донбай.

Абылай Донбай жалған ақпарат таратып, әлеуметтік желіде ар-намысына тиетін сөздер айтқан медицина қызметкерлерінің үстінен арыз түсірген. Қазіргі таңда тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Бас дәрігер барлығын құзырлы органдар анықтайды деп сеніп отыр.