Такси жүргізушілері сәуір айынан бастап кәсіптерін заңдастыруы тиіс. Жаңа талаптар бойынша олар көліктеріне кассалық аппарат орнатуы қажет. Әрбір жолаушыға чек беру арқылы табысын көрсетуге міндеттеліп отыр. Бұл талапты орындату үшін жауаптылар қандай қадамдарға барып жатыр? Бұл ережені таксистер қалай қабылдап отыр?
Мұрат Әмірбеков 2 топ мүгедегі. Мүмкіндігі шектеулі болса да таң азаннан қара кешке дейін көлік тізгінінде отырады. 50 мың теңгеге жетпейтін жәрдемақысы өз қажеттілігінен артылмайтын көлік жүргізушісі балаларын осылай асырап бағуда. Таксистерге қойылып отырған талапты тосырқай қабылдаған кейіпкеріміз бұл ережеге түбегейлі қарсы.
Мұрат Әмірбеков, көлік жүргізушісі: «Кейде тапқанымыз тамаққа да жетпейді. Орташа табысым 2 мың теңге мен 5 мың теңгенің арасында. Оның жартысы бензинге, көлікті жөндеуге жаратылады».
Талаптың аты — талап. Қаржы министрлігі көлеңкелі экономикамен осылайша күреспек. Бірақ бұған қарсы келген жеке таксистердің қарасы басым, әрине. Мамандар бұл ереженің бұрыннан бар екенін айтады. Бірақ, бұрнағы жағдайда тасымалдаушылар кассаны таксометрге ауыстыра алатын еді. Енді, тек қана ғаламторға қосылған аппарат қолдануы қажет. Ал, заңға шекесінен қарап, тиісті тәртіпке бағынбағандар әкімшілік жауапқа тартылмақ.
Такси жүргізушілері ғана емес, сән салоны, техникалық қызмет көрсететін станциялар мен сату мен қызмет көрсететін кәсіпкерлер де кассалық аппарат орнатуға тиіс. Осылайша, 1 жыл ішінде 633 сала онлайн-кассаға қосылады деп күтілуде.
Мақпал Рысбаева