Жаңа дизайндағы теңге монеталары айналымға шықты

85
фото inform.kz

Бүгін ҚР Ұлттық банкі 2019 жылғы үлгідегі дизайны өзгертілген номиналдық құны 1, 2, 5, 10, 20, 50 және 100 теңгелік монеталарды айналымға шығарды. Монеталардың дизайнын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 20 наурызда мақұлдаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2018 жылғы 29 маусымдағы №162-VI ҚРЗ «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасына өзгеріс енгізілді. Оған сәйкес мемлекеттік тілдегі «ҚАЗАҚСТАН» деген сөз латын графикасының негізіндегі әліпби пайдаланыла отырып «QAZAQSTAN» деп жазылды. «QAZAQSTAN» деген жазуы бар мемлекеттік елтаңбаны пайдалану туралы талап 2018 жылғы 1 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді.  ҚР мемлекеттік елтаңбасы теңге монеталары дизайнының міндетті элементі болып табылатындықтан, Ұлттық банк 2019 жылғы үлгідегі дизайны өзгертілген монеталарды айналысқа шығару туралы шешім қабылдады. Олардағы жазулар латын графикасының негізіндегі әліпби пайдаланыла отырып мемлекеттік тілде орындалған», — делінген Ұлттық банк таратқан мәліметте.

Айналыстағы монеталардың сырт жағында (реверсінде) «QAZAQSTAN» деген сөзі бар ҚР мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген. Сондай-ақ шығарған елді білдіретін «QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY» деген жазу бар. Айналыстағы монеталардың бет жағында (аверсінде) монеталар номиналының цифрлық бейнеленуі, сондай-ақ ұлттық валютаның «TEŃGE» деген атауы мен шығарған банк атауының қысқартылған белгісі «QUB» (Qazaqstan Ulttyq Banki) бар мәтіндік жазулар орналасқан. 2019 жылғы үлгідегі дизайны өзгертілген номиналдық құны 100 теңгелік айналыстағы монеталардың қырында (гуртында) «JÚZ TEŃGE» деген жазу бар.

«Айналыстағы монеталардың техникалық және заттай өлшемдері: массасы, диаметрі, қалыңдығы, металл құймасы өзгеріссіз сақталған. Төлем терминалдарын және басқа да кассаны қосымша қайта теңшеу талап етілмейді. Ескі және жаңа үлгідегі айналыстағы монеталар заңды төлем құралы болып табылады және барлық төлем түрлері бойынша қабылдануға міндетті!», — деп атап өтеді Ұлттық банктен.