Қала бюджетінен 42 млн. теңге жұмсалған жұмыстың нәтижесі қандай? Бүгін Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының мамандары кеміргіштерге қарсы жасалған залалсыздандыру жұмыстарының нәтижесін көруге шықты.

Келісімшарт бойынша осы шараны жүргізген мердігерлер қала аумағындағы көпқабатты үй аулаларындағы қоқыс алаңшаларын, канал жағалауы мен қоқыс полигонын дәрілеуі тиіс болатын. Жалпы аумағы 54 млн. астам шаршы метр жерді зарарсыздандыру шаралары бір ай көлемінде жүргізілген. Енді бір жеті бойы сол дәріленген орындарды қайта аралап, өлген егеуқұйрықтарды жинауға кірісті.

Нәтижеде жиналған кеміргіштер арнайы комиссияның қатысуымен беккари шұңқырына тасталады не криматорийде өртеледі. Бұл жұмысқа тұрғындар да ат салысқан. Бір ғана “Имран” сауда үйнің маңындағы көпқабатты үйден 497 атжалман ауланып, жойылған.

Нұрлан Күдерұлы