Ағымдағы жылдың наурыз айында Түркістан облысы Созақ АПБ-нің кезекші бөліміне ЖШС-лердің бірінің менеджері хабарласып, ғимараты орналасқан аймақтан белгісіз тұлғалардың бағасы 5 000 000-ға жуық теңгенің өлшеуіш құрылғыларын қолды еткендігі туралы арызданады. Аталмыш жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігі «ірі мөлшерде жасалған ұрлық» бойынша Созақ аудандық полиция бөлімінде тіркеуге алынды.
Созақ АПБ-нің бастығы, полиция полковнигі Болат Қаныбеков қылмысты дер кезінде ашу үшін криминалдық полиция мен жергілікті полиция қызметінің тәжірибелі полицейлерінен арнайы топ құрды. Құрылған жедел-топ күнделікті басшылық алдында атқарған іс-әрекеттері бойынша мәлімет беріп отырды. Полицейлер оқиға орын алған аймақты, яғни ЖШС аумағын, оның қызметкерлері арасында сауалнама жүргізіп, жақын маңды толығымен тінтіп, тексеріп шықты.
Нәтижесінде, қылмыс басталғаннан күннің 15-ші тәулігінде полицейлер жасы 30-35-тер шамасындағы жергілікті екі тұрғынды құрықтады. Күдіктілерден ұрланған заттар қайтарылып, иелеріне тапсырылды. Тергеушілер сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында күдіктілердің кінәсін толығымен дәлелдеді. Бұл іс жақында ғана айыптау актісімен бірге сотқа жолданды.
Өз кезегінде, ЖШС басшылығы Созақ аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне қылмысты ашқанымен қоса ұрланған заттарын толығымен қайтарып бергені үшін дән ризашылықтарын білдірді.