Шымкентте құрылыс иесінің қалтасын қаққан ұры ұсталды 

37
Фото Ақтөбе газеті

     Қаратау аудандық полиция басқармасына жергілікті тұрғын ұрлық туралы арызбен жүгінді. Жаңадан баспана тұрғызып жатқан ер адам шалбарының қалтасындағы  250 000 теңгесі мен қуаттағышта тұрған Samsung A10S маркалы ұялы телефоны жоғалғанын жеткізді.

     Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеп, күдіктінің жеке басын анықтауға кірісті. Оқиға болған маңдағы бейнекамералар тексеріліп, куәгер болуы мүмкін тұлғалардан жауап алынды.
    Қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде,  орын алған қылмыс 24 сағат ішінде ашылды. Күдікті ретінде жергілікті жас жігіт анықталып, полиция басқармасына жеткізілді.
     Белгілі болғандай, ұрлық болатын күні үй иесі құрылыс алаңына келіп жұмысшыларға көмектескен. Түскі ас уақытында ол  ұялы телефоны мен қомақты қаражатын темір контейнердің ішінде қалдырып, жанындағылармен тамақтануға кеткен. Осы сәтте көше бойынан өтіп бара жатқан жас жігіт, есігі ашық қалған контейнердің ішіне кіріп ақша мен мүлікті алып, тез арада ізін суытқан.
– Ұрланған смартфонды күдікті өзі пайдаланып жүрген жерінен анықтадық. Ал, қаржатты жеке қажетіне жұмсап жіберген. Қазіргі таңда, телефон да, ақша да заңды иесіне қайтарылды. Жинақталған құжаттар айғақтармен бірге сотқа жолданды, – деді Қаратау АПБ-ның анықтаушысы Нұрсейт Телгара.
     Өз кезегінде құрылыс иесі тәртіп сақшысына жедел әрі адал қызметі үшін шынайы алғысын білдірді.