Ардагерлерге арналған ашық аспан астындағы фотокөрме өтті

345

«Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды». Белгілі фотограф Мақсат Шағырбайдың ашық аспан астындағы көрмесінің атауы осы. Соғыста болған адамдар. Күн санап қатары сиреген жандар. Келген кісіні бей-жай қалдырмайтын фотокөрмені ташалаушылар көп болды.

Соғыс ардагерлерінің әжім торлаған жүзінен бейбіт күнге шүкірлік бірден байқалады. Олардың жылу төккен фотоларына ұзақ қарауға болады. Жас пен кәріні бірдей әсерге бөлейді. Соғыс даласынан оралған батырлардың жан дүниесін фотоқағаз арқылы бере алған фотограф шеберлігіне тамсанады.

Разия Мирзабаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Абай саябағына жиі келеміз. Келген сайын осы көрмені көреміз. Мұнда көп эмоция бар. Өйткені бұл жерде шынайылық бар. Жүздерінен соғысты байқауға болатындай. Суреттерді түсірген фотографқа мың алғыс».

Көрме 9 — мамырда ашылды. Былтыр да өткен. Бірақ, биылғы фотолар басқаша. Мұндағы әрбір фото – бір тарих. Фотограф Мақсат Шағырбай қаладағы 25 ардагердің отбасына арнайы барған. Олардың тұрмыс-тіршілігін объективіне іліп, әр мезетті мәңгілікке сыйдырған. Бұл көрменің ерекшелігі де осында. Рас өмір, талайлы тағдыр.

Мақсат Шағырбай, фотограф: «Ардагерлерімізді аралаған кезде олардың көбінің тұрмыстық жағдайларының төмендігін көрдім. Көбі жалғызбасты екен. Қасында қараушысы жоқтары бар. Оларды тек 9 — мамырда ғана еске алатынымыз өкінішті. Оны өздері де айтады. Аз ғана қалған ардагерлерімізге жеткілікті дәрежеде құрмет көрсетуіміз керек деп ойлаймын».

Тарихқа тұнған фотокөрменің баланың да, басқаның да соғыс ардагерлерінің барына назарын аударатынына сенеді. Сондықтан да әзірге ардагерлер барында олардың фотоестелігін жасауды жалғастырады. Еліміздің түкпір — түкпіріндегі ардагерлерді фотоға түсіруді борышы санайды.

Жанерке Хумар