7 сәуір – ерлік күні

845
7 сәуір - ерлік күні

7 сәуір – Қазақстанда ерлік күні. Осыған орай Шымкенттегі Абай саябағында тәжік-ауған қақтығысында ерлікпен қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді еске алу митингісі өтті.

Осыдан тұп-тура 22 жыл бұрын өрімдей жас 17 сарбазымыздың ақтық демі тәжік-ауған шекарасындағы Пшихавр шатқалында үзілді. Жаудың тұтқиылдан жасаған шабуылына қарсы тұрып, ақтық демі қалғанша шайқасқан отандастарымыздың қатарында 24 жасар Қалмахан Бақбаев та бар еді. Қалмаханның анасы Рүкия апа жыл сайын 7 сәуір Абай саябағына келеді. Баласының тәжік-ауған шекарасына бітімгершілік миссиясымен аттанғанын кездейсоқ басқа жұрттан білгенін айтады.

Рүкия Бақбаева, тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан қазақстандық жауынгердің анасы: «7 наурыз күні баламның тәжік ауған шекарасына кеткенін естідім. Содан 7 сәуірде сүйегін алып келді, ұлымның…»

Тәжік-ауған шекарасындағы бітімгершілік миссиясына қатысқан 11 мыңнан астам қазақстандық бар. Олардың айтуынша, Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін аймақтық қақтығыстарға қатысқан қазақстандық жауынгерлер назардан тыс қалған. ТМД сыртқы шекарасын қорғау бойынша әскери тапсырманы орындаған олар өздерінің ұмытылғандарын айтады.

Нұрлан Мулдагалиев, тәжік-ауған шекарасындағы бітімгершілік миссиясына қатысқан ардагер: «Бізге қандай да бір көмек бермек түгілі бізді Қазақстан тарихында да айтпайды. Бізді тарихта да ұмыт қалдырған. Еліміздің абыройы үшін басымызды қауіп-қатерге тіктік. Ал мемлекет бізді ұмытты.»

7 сәуір - ерлік күні

Осылайша еске алу іс-шарасына жиналғандар сол сарбаздардың ескерткішіне арнап гүл шоқтарын қойды, қолдан келгенше құрмет көрсетті.

Жәнібек Нұрыш